"Шыңғыс хан - қазақ, мүрдесін ашып беремін": Арыс тұрғыны сенсациялық мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Арыс тұрғыны Махметкәрім Шанасовтың айтуынша, жарты әлемді билеген Шыңғыс ханның ұлты - қазақ және оның қабірі Арыс қаласында екен. Аты аңызға айналған әйгілі билеушінің өзі қарияның түсіне кіріп, аян берген деп жазады "Бір сұрақ" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Шыңғыс хан арыстық тұрғынның түсінде өзінің жатқан жерін де көрсетіпті. Ол енді қабірді ашуға Елбасының рұқсаты керек екенін айтты.
"Ол қазақ! Дәлелдеп беремін. Шыңғыс ханның бейнесі еш жерде жоқ. Біз көріп жүрген суреттегі Шыңғыс хан емес. Моңғолдар тақта отырған бейнесін өздері жасап алған.
Шыңғыс бабаның өзі маған аян беріп: "Мен саған суретімді тастан шығарып беремін", - деді.
Содан кейін үйімнің ауласына 32 тас тастап кетті. 65 сурет шықты", - деп сөзін аяқтаған Шанасов студияға әкелген бір тасын көрсетті.
Шыңғыс хан аян бергелі бойына емшілік қасиет қонған Махметкәрім қария қазір емшілікпен де айналысады екен.
Ол ұлы билеушінің бейнесі берден шықпағанын, бір ай уақыт өткеннен кейін біліне бастағанын айтады.
Арыстық тұрғынның сөзінше, бастапқыда ауылдағы имамдардың ешқайсысы оның сөзіне сенбепті. Кейіннен, тасты көрсеткен кезде ғана, иланып, батасын берген екен.
Бағдарлама қатысушылары Махметкәрім Шанасовтан "тастарды қайдан алдыңыз?" деп сұрады.
"Ешқайдан алмаймын, үйге әкеп тастайды. Үйде отыз екі тас бар. Шыңғыс бабаның өзі әкеп тастаған. Тастарды кім әкеп жатыр деп көршілер күледі. Шыңғыс хан баба әкеп жатыр деймін.
Жұрт жабыла берген соң өзім де сенбей қалдым, ойым бұзылды. Шыңғыс хан шықпайды екен дедім.
Бір күні ұйықтап жатқанда аян берді, ар жақтан дауыс шықты. Тіпті, денеме де суреті шықты.
Сонда: "Мен сенің денеңе де сурет шығарып бердім. Дуалға келген сайын шығарып беремін, судың бетіне де, қурап қалған талыңа да шығардым.
Сол кезде де сенбейсің бе? Мені сен шығармасаң кім шығарады? Мен моңғол емес, қазақпын" деді, - дейді Шанасов.
Ең қызығы, денесіндегі суретті қағазға шығарып алмақшы болғанда, фотограф жігіттердің фотоапараты істен шығыпты.
Шыңғыс ханды табарына нық сенімді Махметкәрім Шанасов оның бейнесі тасқа алғаш қарағанда көрінбейтінін айтады. Қабірді қазу кезінде жолды қалай есептегендерін де баяндады.
"Таста көрсетілген белгілерге қарадық. Бізге белгі беріп отыр. Қазып келе жатқанда сәуле жанып, бағыт көрсетеді. Бір күні шырақ жанып көрсетеді. Арыс қаласында жарылыс болғанда ел сенің қазғаның көміліп қалды, мүмкін, Шыңғыс хан жарған шығар деді. Олай айтпаңдар деп ескерттім. Жарылыстан аман қалған. Еш жері құламаған", - деді қария.
Бүгінде қабір алдына келіп тұрған олар Елбасының рұқсат қағазынсыз оны ашпайтынын айтты.
"Есігі қалай ашылады десеңіз, онда ешқандай құлып жоқ. Құранда аят бар, соны оқысаңыз қорғап жатқан алып жыланы кетеді. Ал екінші аятты оқысаңыз, есік екі жаққа қарай ашылады", - деді Махметкәрім Шанасов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1819768-sygys-han-kazak-mrdesin-asyp-beremin-arystyk-trgyn-sensacialyk-mlimdeme-zasady/