"Қайтып келген қыз жаман": Өз төркініне сыймай жүрген жас келіншек мұңын шақты
Жарияланған күні:
Көкшетау қаласының Фарида есімді тұрғыны жуырда күйеуімен ажырасып, төркініне қайтып келгенін айтады. 23 жастағы келіншектің екі жасар ұлы бар. Жарының ішімдік ішіп алып, жанжал шығаратынына төзе алмаған әйел некесін бұзуға мәжбүр болған екен. Алайда қазір ата-анасының үйінде де оның жағдайы жақсы бола қоймағанға ұқсайды. Әсіресе, қайтып келген "қызды" ағасы мен жеңгесі жақтырмай жүр. Жиі болатын ұрыс-керістің салдарынан отбасынан береке кеткен деп жазады KAZNUR.KZ.
Фарида (ред ескертпе. кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген) 20 жасында тұрмысқа шыққан. Медициналық колледждің соңғы курс студентіне болашақ жары Сәбит сезімін білдіріп, ұсыныс жасаған. Осылайша анасының қарсылығына қарамастан, көкшетаулық бойжеткен отбасын құрып, ерте келін атанған. Қазіргі күні ол бұл шешімінің қате болғанын түсінеді.
"Сәбит маған құда түскенде, мен әлі студент едім. Анам біраз уақытқа дейін келісімін бермей жүрді. Колледж бітіргеннен кейін, медициналық академияда оқуымды жалғастырғанымды қалады. Жастай тұрмысқа шығуыма қарсы болды. Бірақ мен ешкімді тыңдағым келмеді. Әкем батасын берген соң, анам амалсыздан тойға дайындықты бастады. Үйлену тойымыз ертегідей болды. Мен өте бақытты едім", - дейді Фарида.
Алайда, тойдан кейін жас келіншектің күйеуі басқа мінез көрсете бастаған. Жиі достарымен қыдырып кетіп, таң ата ішімдікке сылқия тойып келетін болған. Тапқан табысы жеке басынан артылмай, отбасының құтын қашырған екен. Себепсізден – себепсіз келіншегін қызғанып, тіпті қол көтеруді шығарған. Сәбиттен мұндай қылық күтпеген Фарида бастапқыда қатты қиналғанын мойындайды.
"Бірнеше айдан кейін менің аяғым ауырлады. Сәбит соған қарамастан түн ішінде ішіп келіп, жанжал шығаратын. Мені балағаттап, намысыма тиетін сөздері көп айтатын болды. Тіпті ішіндегі бала менікі емес дейтінді шығарды. Бір күні мас күйінде мені теуіп жіберді. Біраз уақытқа дейін дәрігерлерге қаралып, ем қабылдауға мәжбүр болдым. Түсік жасау қаупі жоғары еді", - дейді кейіпкер.
Фариданың ата-енесі келіндеріне араша бола алмаған. Ұлдары уақыт өткен сайын күшейіп, әйеліне тыныштық бермей қойған. Енесінің тек келініне "сабыр сақта" деп айтудан басқа амалы болмапты.
"Ажырасу – оңай нәрсе емес. Некемді бұзу маған өте қиын болды. Мен ұлыммен бірге бірнеше мәрте төркінінме кетіп қалып жүрдім. Күйеуімнің өзгеріп, есін жиғанын қаладым. Көп жағдайда Сәбит соңымнан кешірім сұрап келетін. Бірақ шыдамның да шегі болады екен. Кезекті жанжалдан соң, сотқа арыз беріп, ресми түрде ажырасып кеттім", - дейді жас келіншек.
Фарида ұлымен бірге өз төркініне келген. Мұнда ата-анасымен бірге ағасы мен жеңгесі түрады, Өкінішке орай, ағасы күйеуінен ажырасып келген қарындасына жылы қабақ таныта қоймаған сыңайлы. Жеңгесі де шақырылмаған қонақтарға салқындық танытып, тырнақ астынан кір іздеп отыратын көрінеді.
"Қазір мен қаладағы емханалардың бірінде медбике болып жұмыс істеймін. Бөлек пәтер жалдап тұруға әзірге мүмкіндігім жоқ. Жеңгем балама ретсіз ұрыса береді. Ұлым дастарханға қойылған тәттілерді жесе, қызғанады. Жұмыстан кеш келген күні аш қаламын. Себебі жеңгем маған тамақ алып қалмайды. Өзінің екі қызы бар. Бірақ балалардың бірге ойнап, араласуына қарсы. Күнде жеңгем екеуміз сөзге келіп қала береміз. Ағам да өз әйелін жақтайды", - дейді көкшетаулық келіншек.
Фарида ешкімге масыл болғысы келмейді. Сол себепті айлық алған сайын, үйіне азық-түліктерді толтырып, балаларға ойыншықтар әпереді екен. Бірақ сонда да жақындарына еш қадірі болмай отырса керек. Соңғы уақытта анасы "бөлек шығуың керек" дегенді жиі айтатын болыпты. Көрші-көлем мен жақындары да қайтып келген Фариданы әңгіме етіп жүрген көрінеді.
"Кейбір аналар "Ішіме сыйған қызым, сыртыма да сияды" деп айтып жатады. Бұл өтірік. Тұрмысқа кеткен қыз, үйіңе қайтып келсе мүлдем қадірі болмайды екен. Қазір ата-анам ағамның отбасы үшін алаңдап жүр. Менің кесірімнен жеңгем кетіп қала ма деп қорқады. Бұл үйден кетуім керек екенін түсінемін. Бірақ баратын жерім жоқ", - дейді Фарида.
Қазір жас келіншек бір пәтерді бірге жалдап тұратын қыздарды іздеп жүр. Ұлының әкесінен көмек сұрауға намысы жібермейді. Алдағы күндері қалай болатыны әзірге белгісіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1825647-kajtyp-kelgen-kyz-zaman-z-trkinine-syjmaj-zrgen-zas-kelinsek-myn-sakty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.