Азан ерте шақыралады: Ақтөбедегі жеке мешіт имамдардың сөзін пысқырмаған
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласындағы «Махаббат» мешітіне имамдардың сөзі жүрмей отыр. Жеке мешітте екінді намазы басқа мешіттерден ерте оқылады деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жергілікті халық екіндінің кезінде 10-15 минутқа ерте азан шақыратын мешіттегі жағдайды түсіне алар емес.
Өңірдің өкіл имамы да бұл жайдан хабардар, бірақ қауқары келмей отыр екен.
«Иә, хабарым бар. Ол мешіт – жеке мешіт емес. ҚМДБ филиалы. Бірақ, жері мен ғимараты салған кісілердің атында. Бұл жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта ретке келеді деп үміт етемін», - дейді Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспан.
Аталмыш мешіттің имамы намазды кірген уақытында дәл оқитындарына сенімді.
«Екінді намазының уақыты еш жерде дау болып жатқан жоқ. Бұл мешітте екінді намазының кіргенін дәлелдеген дәлелмен оқып жатыр.
Намаздың парыздарының бірі - уақыт кіру. Мүмкін сәл ертерек айтатын шығармыз. «Ойбай, ана Махаббат мешіті елден ерекше намаз оқып жатыр екен» деген мәселе жоқ. Жұртпен бірдейміз. Тек екіндінің уақытында сәл өзгешелік бар.
Кітаптардан іздестірсеңіздер бүкіл ғалымдар: «Екіндінің уақыты бір көлеңкемен» дейді. Біз екінді алғаш кірген уақыттан бастап, азан айтып, намаз оқимыз. Айырмашылығы да көп емес, 10-15 минут»,-дейді «Махаббат» мешітінің имамы Бердияр Әлсиітұлы.
Ал мүфтият ұзақ жылдар бойы азанын ерте шақыратын жеке мешіттің ортақ жүйеге көп ұзамай бағынатынына сенеді.
«Бұл мәселенің мән-жайын Ақтөбе облысының бас имамы мүфтиятқа ресми мәлімдеді. Мешітті салған кісілер басқа кестені білместікпен пайдаланған.
Бас имам оларға бұл мәселені түсіндіріп, ортақ жүйеге келтіруді ескертті. Мешітті салған азаматтар осы ескертуден кейін нәтиже шығаратын болады.
Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт салудың, оның ішкі тәртібіне қатысты арнайы Ереже қабылдады. Осы Ережеде еліміздегі барлық мешіттер Діни басқарма бекіткен тәртіппен салынатындығы, сондай-ақ, құлшылыққа қатысты амалдар Әбу Ханифа мәзһабы бойынша жүзеге асатыны анық айтылған»,-Ағабек Қонарбайұлы, ҚМДБ баспасөз хатшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1825840-azan-erte-sakyralady-aktbedegi-zeke-mesit-imamdardy-szin-pyskyrmagan/