Ахметбек Нұрсила: Баспанасыз қазақтарды адам деп санамаймын
Жарияланған күні:
"Бизнес бастау" шеберлік мектебінің жетекшісі Ахметбек Нұрсила бүгінгі күні өз үйі жоқ адамдарға қатысты ойын ашық айтты. Танымал кәсіпкер баспанасыздарды мүлдем адам санатына жатқызбайтын болып шықты деп жазады KAZ.NUR.KZ Алматы арнасындағы "Не істейміз" бағдарламасына сілтеме жасап.
Асхат Садырбайға сұхбат берген бизнес тренер үйі жоқ адамдарды жануарлардан да төмен деп есептейтінін жайып салды.
"Жақсы өмірге қол жеткізу үшін адам шынайы сондай өмірді сүю керек. Әр адамның бойында алапат күш-қуат бар. Мен үнемі айтамын, суырда да ін бар.
Сол себепті кез келген адамның өз баспанасы болуы тиіс. Астында бір көлігі болуы тиіс. Не ішемін, не жеймін деген проблемаларды мүлде алып тастау керек. Сондықтан осындай өмір бар екеніне сену керек. Осындай өмірді сүю керек.
Суырда азғантай ғана ақыл бар. Соның өзінде біреудің ініне барып, бір түн түнеп шығайыншы, жалға ала тұрайыншы деген суырды көрмедім.
Мен Тарбағатайданмын, суырлы мекеннен. Ол жерде сеп-семіз суыр өз інінде бала-шағасымен тұрып жатыр.
Ал адам баласы суырдан ақылды ғой. Баспанаң болуы тиіс. Сен 30 жасқа келгенде өз баспанаң болмаса, суырдан күнің төмен деген нәрсе.
Адамда намыс болуы тиіс. Адамда ақыл-ой мен сана бар. Бірақ, бізді құртатын жалқаулық" , - деді Ахметбек Нұрсила.
Оған қоса, кәсіпкер мемлекеттен баспана сұрап жүрген адамдардың деңгейі суырдан да төмен деді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1826820-ahmetbek-nrsila-baspanasyz-kazaktardy-adam-dep-sanamajmyn/