Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шалғай ауылда жүріп, күніне төрт мың оқырман жинайтын блогер келіншек кім (фото)

Опубликовано:

Батыс қазақстандық Мейрамгүл Төлегенова осыдан төрт жыл бұрын алғаш рет желіде қазақ тілінде блог жүргізіп, бүгінде 30 мыңға жуық оқырман жинап отырған көп балалы ана. Қарапайым ауыл өмірі жайлы түрлі пост жазатын ол, ауыл келіндерін қалың оқырман не себепті оқитынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Instagram
Фото: Instagram: Instagram

- Мейрамгүл, алдымен өзіңізді оқырмандарға таныстырып өтсеңіз... Мамандығыңыз бойынша кімсіз ?

Төлегенова Мейрамгүл Мәлікқызы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының, Мұхит елді мекенінде тұрып жатырмын. Әйгілі Мұхит Мералыұлын білмейтін қазақ аз болар. Қаратөбеліктер өнердің адамдары. Ән десек делебеміз қозып отырады. Мамандығым жылу жүйесінің операторы. Бірақ ол салада жұмыс істемедім. Аспаздық, мал дәрігерлік мамандықтарын да бітіргенмін.

- Сізді желідегі белсенділігіңіз арқылы танып, білдік... Жалпы блог жүргізуді қашан бастадыңыз?

Инстаграмды 2015 жылы декретке шыққан кезден бастадым. Ол кезде 20 шақты оқырман мен 2-3 лайк болатын. Сол уақытта да осындай қарапайым ауылдағы суреттерді салып отыратынмын. Бірақ пост не екенін білмедім, тек сурет жариялап жүрдім.

Жұлдыздар өмірін қарап жүретінмін. Одан бері қарай қаншама парақша ауыстырдым. Содан 2017 жылы Гүлжан Қайназарқызы Қазақстан бойынша алғаш рет "Инста шаңырақ " деген, тек қазақша блог жүргізетін аналарға арнап жоба ашты.

Соған "ауыл ана"хештегі бойынша қатысып, шынайы пост жазуды үйреніп, блог жүргізе бастадым. Айтпақшы, бірер ай бұрын өзімше рулет жасайын дегенмін. Анау мынау емес, қамырына тоғыз жұмыртқа қостым.

Содан рулетім орауға келмейтін, томардай жуан болып шықты. Сол рулетті желіге салғаным сол еді, 3-4 күнде парақшама 10 мыңдай адам жиналды. Бәрі рулетімді қызық көрген. Тіпті Өзбекстан, Қырғызстаннан да жазылып жатыр.

- Оқырмандар саны да әжептәуір екен... Сізді көпшілік не себепті оқиды деп ойлайсыз?

Менде шынайылық тек инстаграмда ғана емес, қанымда бар қасиет. Сиыр сауып отырып, сүт тартып отырып, түріме, фонға қарамай суреттерді желіге жариялап жүрдім. Ол кезде инстаграмда ондай суреттерді кездестіре алмайтынмын. Сол ауылдың шынайы суреті мен шынайы постты көріп оқырмандарым өздері жинала бастады.

Ешқандай конкурсқа қатысқаным жоқ. Көбі шынайылығым мен қарапайымдылығым үшін оқиды. "Еріндерін дүрдиткен, суретті әбден сүзгіден өткізген, ашық-шашық киініп түскен суреттерді көруден жалықтық. Сізді қарасақ, оқысақ бала кезіміз, ауылымыз есімізге түседі. Рахаттанып бір күліп аламыз постыңызды оқып", деп жатады көбісі.

- Парақшаңызды ақтарып отырып, өте қарапайым, кәдімгі ауыл әйелінің тіршілігін бүкпесіз көрсетіп, желіде жариялайтыңызды көрдік. Күніне осылай блог жүргізуге қанша уақыт жұмсайсыз? Жолдасыңыз бен қайны жұртыңыз блог жүргізуге қарсы емес пе?

Иә, қарсы. Мен ешкімге көрсетпей пост жазамын...Кейде күн ұзаққа телефонмен отырып қалатын күндерім болады. Ал кейде керісінше 2-3 күн ештеңе жазбай жүріп қаламын. Бұған да шабыт, идея керек. Көбінесе постты түнде, көрпені бүркеніп жатып, жазып тастаймын.

- Қазір ауылда жүріп те сіз сияқты танымал болып жатқан ауыл келіндері көп... Оқырмандар не себепті сіздер сияқты қарапайым қазақ келіндерін оқиды деп ойлайсыз?

Қарапайым өмір сүрмесе де, қарапайымдылықты көргенді барлықтары да ұнатады. Себебі, жаның жайланады, көңілің шаттанады. Кейбіреулер ауыл өмірін көріп, ауылға барып қайтқандай күй кешіп жатады. Сондықтан көбі қарапайым қазақ келіндерін оқиды деп ойлаймын.

- Ата-енеңізбен қарым-қатынасыңыз қалай?

Ата-енеммен қарым-қатынасым жақсы...Үлкен кісілеріміз аман болсын. Өзімнің ата-анам ерте қайтыс болған соң, ата енемді ата-анам ретінде санаймын. Арасында еркелеп, не болса соған өкпелеп жатқанымды да көтеріп жатады. Немерелеріне киім алып береді. Жалпы қайын жұртыммен ара қатынасым түзу. Ал жалпы келін болып түскеніме алдағы жылы Алла қаласа 12 жыл болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1826891-salgaj-auylda-zrip-knine-trt-my-okyrman-zinajtyn-bloger-kelinsek-kim/

pixel