Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шырайлы Шымкент": Қазақстандық келіншек Оңтүстік Кореяда дәмхана ашты (фото)

Жарияланған күні:

Оңтүстік Кореяда екі жылдан бері тұратын Сәуле Қосақаева осыдан бір ай бұрын сол мемлекетте "Шырайлы Шымкент" атты дәмхана ашқан. Ғимарат маңдайшасында Шымкент қаласының таңбасы мен Қазақстан мен ТМД елдерінің тулары ілінген. Дәмхана залында қазақтың эстрадалық музыкасы ойнап тұрады, ал дастарханға Шымкенттің кәуабы мен самсасы қойылады деп жазады "Замана" басылымы.

Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: Хабар 24, baigenews.kz
Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: Хабар 24, baigenews.kz: Twitter

Сәуленің өзі қоғамдық тамақтандыру саласында істеймін деп ешқашан ойламаған екен.

Кәсіптің бұл түрін қолға алуына достары мен таныстарының өті­ніші себеп болыпты. Оның дәмхананы "Шырайлы Шымкент" деп атауының да өз себептері бар көрінеді.

"Бұл атаудан жылу, жайлылық сезіледі, мұнда бәрі де үйдегідей. Қонақтарымыздың бәрі де менің Шымкенттен екенімді біледі. Шымкент – менің қалам, бұл атау менің қаламның құрметіне қо­йылған. Кәрістер – өте қызыққыш халық, не­ліктен бұлай атадыңыз, бұл атау нені білдіреді деп сұрайды. Кафеміз ашылмай тұрып-ақ танымал бола бастады. Бәрі де менің жөндеу жұмыстарын жүр­гізіп жатқанымды, кафе ашпақ ниетім барын білді, сұрап жүрді, күтті. Біз таяуда ғана ашылдық, әлі бір ай да болған жоқ. Кафе Оңтүстік Кореяның оңтүс­тігіндегі Йонсан қаласында орналасқан", - дейді ол.
Сәуле Қосақаева. Видеодан кадр: Хабар 24
Сәуле Қосақаева. Видеодан кадр: Хабар 24: Facebook

Қазақстандық келіншектің сөзінше, дәмханаға Кореяның басқа қаласынан келетін меймандар да бар.

"Біздегі Шығыс асханасы тағамдарының дәмін тату баршаға қызық, қазақстандықтар ғана емес, өзбек, қырғыз, орыстар да келеді. Бүгін кафеде кавказдық қонақтар болды. Олар 16 адамға банкетке тапсырыс берді, негізгі тамаққа қазақше ет асып беруді сұрады. Ал қазір ғана өзбектерге қазақша ет асып бердік. Тауыса алмай кетті, табағы тым үлкен екен дейді. Өйткені тамақтың еті де, қамыры да көп, міндетті түрде қазысымен қоса асылады", - дейді Сәуле Қосақаева.
Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: baigenews.kz
Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: baigenews.kz: Facebook

Сәуле "Шырайлы Шымкент" атауын алған дәмханаға жергілікті тұрғындар да бас сұғатынын айтады. Тіпті, олар банкетке де тапсырыс беретін көрінеді.

"Олар самса жейді, қой етіне тапсырыс береді. Қазақша асылған еттің дәмін көруге бола келетіндер де бар. Олар біздің бауырсақты сүйіп жейді, жылқы етін қатты ұнатады. Жалпы, оларда жыл­қы етінен тағам әзірлейтін арнайы мекемелер бар, бірақ онда баға тым қымбат. Кәрістер неге етті кәрісше пісір­мей­сіңдер деп сұрайды.
Біз өзіміздің мұсылман екенімізді, бізге піспеген, қаны шығып тұрған етті жеуге болмайтынын айтамыз. Біз етті толық пісіруге тиіспіз дейміз", - деген келіншек етті арнайы халал дүкеннен алатынын айтты.
Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: baigenews.kz
Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: baigenews.kz: Instagram

Шетелде өз бизнесін дөңгелете бастаған Сәуле кәсіпкерлікпен айналысуға лицензия алудың қиын екенін жасырмады.

"Жұмысқа рұқсат алу – күрделі мәселе. Мысалы, сізге спиртті ішімдіктерді біреу көтерме бағасына сататын болса, сіз оған патент, лицензия көрсетуіңіз керек. Онсыз олар тауар бағасын бір тиын­ға да түсірмейді. Мұнда заңдар қатал. Кафе ашуға ұзақ уақыт керек. Ғимаратқа жөндеу жүргізесіз, арнайы адамдар келіп, сіздің жөндеу жұмыстарын қандай материалдармен жүргізіп жатқаныңызды тексереді. Егер түсқағаздар стандартқа сай болмай шықса, онда оны алып тастап, орнына басқасын жапсырасыз.
Тексерушілер бір аптаның ішінде екі-үш мәрте келуі мүмкін. Еш­қандай да ескертпейді. Олардың тексеруге толық құқы бар. Менде етті қайдан сатып алғаным, қаншаға сататыным, ас мәзірінде барлық баға жазылып тұруы тиіс. Йогурт пен айранда қай күні шығарылғаны көрсетілуі керек. Қашан дайындағаным, тоңазытқыштан қанша күннен кейін шығарып тастауым керегі – барлығы да жазылып тұрады. Тәртіп қатаң", - деп баяндады ол.
Фото: baigenews.kz
Фото: baigenews.kz: Facebook

Қосақаева дәмханада жұмыс істейтін екі аспазын Қазақстаннан ресми түрде шақыртқан. Құжатсыз жұмыс істеуге тыйым салынғандықтан, олар келісім-шарт жасаған екен. 60 адамға шақталған дәмханада би алаңшасы да, көрпеше төселген арнайы тапшандар да бар. Ал қазақша ою-өрнегі бар көрпе-жастықтар арнайы Шымкенттен жеткізіліпті.

Бизнесвумен Сеулде қоғамдық тамақтандыру орындары көп болғанымен, қазақстандық дәмханаларды көрмегенін айтады. Ол осыған дейін тек өзбек, қырғыз асханаларын байқапты.

"Бірақ мен кафені коммерциялық мақсатта ашқан жоқпын. Бұл – менің тұрақты жұмыс орным, отбасылық шаруам десем де болады. Мен көп қаржы табуға, бұған жұмсалған шығынды өтеуге асықпаймын", - дейді Сәуле.

Қазір Оңтүстік Кореяда жүрген жерлестеріміз көп. Олар сол жаққа көбіне жұмыс істеп, ақша табу үшін кетіп жатыр. Қосақаеваның айтуынша, қазақстандықтар алғашқы екі-үш айда елді сағынып жүргенімен, уақыт өте қайтқысы келмей қалатын көрінеді.

Себебі, онда өмір жайлы, тыныш, ұрлық, бұзақылық, жәбірлеу, зорлық-зомбылық деген жоқ дейді.

Видеодан кадр: Хабар 24
Видеодан кадр: Хабар 24: Facebook
"Барлығы да осында қалғысы ке­леді деуден аулақпын. Еңбегіне осылай ақы төлесе, олар Қазақстаннан ешқайда да кетпес еді. Мұнда ерлерге тәулігіне 100 доллардан, әйелдерге 60-70 доллардан төлейді. Адамдар мотельдерде немесе жалға алған пәтерлерде тұрады. Біреу жалғыз, енді біреулер бірнеше адам болып топтасып пәтер жалдайды. Жас жігіттер көп.
Кейде жасы 55-тен асқан әйелдерді көріп, аяйсың. Әрине, қайсысы болса да елді сағынады ғой. Бірақ оның орнын толтыратын нәрсе бар. Мұнда біз өзімізді үйде жүргендей сезінеміз. Хангуктер (жергілікті тұрғындар) ше­телдіксің деп түртпектемейді, сонысы жағады, ұнайды", - деп түйіндеді сөзін Сәуле Қосақаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1827468-syrajly-symkent-kazakstandyk-kelinsek-otstik-koreadan-dmhana-asty-foto/