Бес жылда денесін адам танымастай өзгерткен қазақ жігіті жайлы не білеміз (фото, видео)
Жарияланған күні:
Түркістан облысының тумасы Азамат Сапаров бүгінде YouTube желісінде спорт тақырыбында блог жүргізеді. Қазір оның арнасына жазылушылар саны 50 мыңнан асқан. Ал дене бітімінің қалай өзгергенін көрсеткен видеосы бір айда 1 млн-нан аса қаралым жинапты. Ендеше, қазақ тілді блогер спортқа қалай қызыға бастады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін KAZ.NUR.KZ тілшісі Азаматтың өзіне хабарласып, сұхбаттасқан еді.
- Азамат, алғашқы сұрақты өзіңізден бастайық. Қай жерде және қашан дүниеге келдіңіз? Жалпы қайда оқыдыңыз немесе оқисыз?
- 2000 жылы 25 сәуірде Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Мырзакент кентінде дүниеге келдім. "Мырзакент" мектеп-гимназиясында оқып білім алдым, қазір Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің (ҚарМТУ) 3-курс студентімін.
-Бес жылдың ішінде осылай өзгеруіңізге не түрткі болды? Мүмкін, бір себебі бар шығар...
- Жалпы, бала кезден белтемірге (турник) әуес болдым. Әкем үйдің ішіне де, сыртына да белтемір жасап берген еді. Бастауыш сыныптарда 20-25 рет тартылатынмын. Сол кезде барлығы маған таңдана қарайтын. Кейіннен, 2014 жылы бұл спорт түрі екенін ғаламтордан білдім. Содан соң осы ғаламтор арқылы видеолар қарап, белтемірде және қоссырықта (брусья) түрлі элементтер жасай бастадым.
Осылайша, бұлшық еттерімді шынықтыра бердім, әлі де шынықтыру үстіндемін. Мұндай трансформацияға түрткі болған белтемірге тарылуды бала кезден жақсы көруім және осы Street workout спортымен таныс болғаным деп ойлаймын.
- Аптасына қанша рет жаттығасыз және күнделікті қандай жаттығулар жасайсыз?
- Аптасына 4 күн жаттығамын. Қазіргі уақытта Streetlifting спорты бағытында, яғни белтемір мен қоссырықта қосымша салмақпен жаттығуды қолға алдым. Ал жалпы жаттығуым тек осы белтемірде және қоссырықта өтеді.
- Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан Street workout чемпионатынан жүлделі болғаныңызды көрдік. Жалпы қатысқан сайыстарыңыз бен жеткен жетістіктеріңіз туралы айтып өтсеңіз...
- Бұл спорт түрінен сайыстарға 2017 жылдан бастап белсенді қатысып жүрмін. 2018 жылы сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен өткен Street workout challenge сайысының жеңімпазы атандым. Жеңісіме орай, Нұр-Сұлтан қаласында министр 500 мың теңге табыстады. Осы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген Қазақстан ашық чемпионатында 3-орын иелендім.
- Бір ай ішінде Youtube-тегі видеоңызды 1 млн-нан аса адам көріпті. Айтарлықтай нәтиже. Ал қаралым санының көп болуы неге байланысты деп ойлайсыз?
- Бірнеше себептері бар. Біріншіден, ауқымды ойлаудың нәтижесі, видеоның атауын ағылшын тілінде қойдым. Екіншіден, мұқабасындағы суретте видеоның мағынасын аша алдым. Үшіншіден, видеоны ерекше етіп дайындадым. Оқиғаларды бірінен екіншісіне өрбітіп, қызықты етуге тырыстым. Ол адамдарға керемет әсер қалдырды, сол себепті де желі қолданушылары мыңдаған пікірлер мен лүпілдер қалдырды. Бұл да видеоның көп қаралым жинауына әсер еткен сыңайлы.
- Бұлшық еттің өсуіне тамақтанудың тигізер әсері көп деп есептейсіз бе? Өзіңіз қалай тамақтанасыз?
- Әрине, тамақтану бұлшық еттің өсуіне 80 пайыз ықпал етеді. Жалпы дененің сымбатты болуы және спорттағы прогресс көп жағдайда тікелей тамақтануға байланысты. Қазіргі уақытта студент болғандықтан, тамақтану режимін қатаң сақтай алмаймын, сонда да сақтауға тырысамын, барынша ақуызға бай тағамдар жеймін. Артық май жинап алмас үшін тез дайындалатын көше тағамдарымен сирек тағамданамын.
- Спортпен айналысуға қатысты блог жүргізесіз. Ең көп келетін сұрақтар қандай?
- Спорт тақырыбында әлеуметтік желіде келетін сұрақтар өте көп, тіпті телефоныма тікелей қоңарау шалып, сұрақ қойып жататындар да сирек емес. Олардың барлығына жауап беруге физикалық тұрғыда үлгермеймін. Сол себепті, жиі келетін сауалдарға видео түсіру арқылы жалпылама жауап беремін. Қалай салмақ жинауға немесе тастауға болады? Жаттығу бағдарламаң қандай? Жаттығулар барысында қалай тамақтанған дұрыс? Осы тектес сұрақтар көп.
- Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар? Спортта және одан тыс...
- Алдағы уақытта спорт бағытындағы мақсатым-әлемдік дәрежедегі спортшылармен бір сапта болу және халықаралық сайыстарда бақ сынау, әлем чемпионы атану. Ал блог бағытында, контент сапасын арттырып, алдағы жылда 100 мың оқырман жинау.
- Энергия мен мотивацияны қайдан аласыз? Шаршайтын кезіңіз көп бола ма?
- Маған бірінші кезекте алдыма қойған мақсаттарым қуат пен мотивация береді. Мақсаттарыма бір қадам жақындаған сайын энергиям мен талпынысым арта түседі. Ал қосымша мотивация алу үшін воркаутта топ дәрежеде жүрген спортшылардың видеоларын қараймын және табысты адамдардың сұхбаттарын көремін.
- Қазіргі қазақ жастарына деген көзқарасыңыз қалай? Оларға қандай кеңес берер едіңіз?
- Қазақ жастарын спорт тақырыбы қызықтыратыны қуантады. Барлығын салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырамын. "Дені саудың-жаны сау" дегендей, сапалы өмір сүру үшін денсаулықты бірінші орынға қойған абзал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1828241-bes-zylda-denesin-adam-tanymastaj-zgertken-kazak-zigiti-syrymen-blisti-foto-video/