Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жетім екенімді бетіме басады": Ақтөбеде енесінен таяқ жеген келіншек жан сырын ақтарды

Опубликовано:

Ақтөбелік келіншек енесінің араласуынан отбасының шырқы бұзылғанын айтып, іштегі мұңымен бөлісті. Төрт баласын ерткен 29 жастағы жас ана жетім өскен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

29 жастағы кейіпкер кішкентай кезінен Оралдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сол жақта білім алған.

"3 курс оқып жүргенімде интернет арқылы Ақтөбенің жігітімен танысып, тұрмысқа шықтым. Басында бәрі жақсы болды. Ата-енеммен бірге тұрамыз. 22 жасымда егіз ұлдардың анасы атандым. Қазір олар жеті жаста. Олардың артынан ерген 5 және 4 жастағы екі қызым бар. Соңғы екі жылда отбасының берекесі кете бастады. Балалар үйінде тәрбиеленгенімді, ата-анамның, дүниемнің жоқтығын бетіме басып, кез келген нәрседен айқай шықты. Жолдасым вахтада болған кезде енем қысым көрсетеді", - дейді ол.

Кейіпкерімізге 2015 жылы Орал қаласынан мемлекет тарапынан көмек ретінде жалдамалы пәтер берілген. Ол жаққа барып тұруға ата-енесі рұқсат бермеген соң баспанадан бас тартып, Ақтөбе қаласына қайтадан кезекке тұрған.

"Қызыма аяғым ауыр кезде жолдасым екі-үш ай үйге қонбайтын болып жүрді. Ол сол кезде бірінші әйеліне барып жүрген, оны енем де біледі екен. Ол кетіп қалса да мен ата-енеммен тұра бердім. Енді төрт баламен қайда барамын?! Енем болмашы нәрсеге ұрыс шығарып, үйдегі тамақтарды тығып қоятын. Ол кісі кезінде мені ұрып "балалардан бас тартам" деген қолхат жазғызып алды. Кейін жолдасым қайтып келіп, қайта бірге тұрдық. Енем жолдасым екеумізді отырғызып қойып сөйлесті.

"Екеуің ажырасыңдар, айқай-шу болмасын. Төрт баланы бөліп аласыңдар. Екі ұл бізде қалады. Сен екі қызыңды алып кет. Балама өзінен жасы үлкен әйел алып беремін, ал сен жас жігіт тап" деді маған. Балаларымды бірге алып кететінімді айтып жыладым. Күйеуім ашуланып үйден кетіп қалды. Осыдан кейін жолдасым араққа құмар бола бастады. Ақыры ол үйден кеттім. Дағдарыс орталығын паналадым. Менің кеткеніме олардың қуанғаны сондай мені төрт баламмен қосып, тіркеуден шығарып тастаған",-дейді көз жасын тоқтата алмаған келіншек.

Кейіпкер қиын жағдайда қалған әйелдерді қолдау орталығына төрт баласын жетектеп, бірнеше рет көмек сұрап келген.

"Кейін жолдасым дағдарыс орталығынан бізді алып кетіп, пәтер жалдап тұра бастадық. Бірақ жолдасым ішімдік ішетін әдетін тоқтата алмады. Балалардың көзінше қол көтереді. Кейін айқай-шумен ол үйіне кетіп қалды. Қайтадан дағдарыс орталығына түстім. Шүкір, мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Дағдарыс орталығына алты айдан да көбірек тұруға мүмкіндік берді. Кейде қиналып кетемін, көмек сұрауға ұяламын. Мен ешкімнің үстінен арыз жазған жоқпын. Ол төрт баламның әкесі, әжесі. Олармен соттасар болсам ертең балаларым қалай түсінеді?! Осыларды ойласам қиналып кетемін. Балаларым "мама жылама, бізде ертең бәрі болады" деп жұбатады", - дейді ол.

Жас келіншек қайырымды жандардың көмегімен "Бақытты отбасы" бағдарламасымен несиеге бір бөлмелі баспанаға қол жеткізген. Баспана алу үшін қажет алғашқы 350 мың теңгені "Нұр ғасыр" мешітінің жамағаты берген. Атаулы көмек алуға құжаттарын енді тапсырған.

"Енем екі ұлымды алып кеткісі келеді. Содан қорқамын. Кейде екі ұлыма тығылып мектепке банан апарып береді екен. Ол кісі мен екі қызымды басқа адамнан тапқандай қарайды. Балаларды маған қарсы қояды", - дейді кейіпкер.

Келіншек қазіргі уақытта ешкімнің үстінен арыз түсірмеген.

"Бұл кісі ешкімнің үстінен арыз түсірген жоқ. Арызданған жағдайда іс қозғалады, арызданбаса, біздер оған тек қорғау нұсқамасын береміз. Биыл облыста 1800 әйел көмек сұрап арыз жазды. Ауыр және орташа жарақат алғандарға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалып, 3000 адамға қорғау нұсқамасы берілді", - дейді әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор Ақкүл Қасанғалиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1829827-zetim-ekenimdi-betime-basady-aktbede-enesinen-taak-zegen-kelinsek-zan-syryn-aktardy/

pixel