Қазақ есімдерін дұрыс жазудың нормасы қарастырылды
Жарияланған күні:
Құжаттарда қазақ есімдерін дұрыс жазудың нормасы қалай реттелуі керек?
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының докторы: – Біз осы тұрғыда мәлімет жинақтауда қазақ азаматтарының аты-жөнін рәсімдеудің 17-18 үлгісін кездестірдік. Ең көп тараған түрі – кеңестік үлгімен "ов, ев" және "ин" қосымшаларымен жазу.
"Ұлы", "қызы", "тегі"-нен бөлек, көне шығыстық үлгіде туған қаласын көрсету, айталық, Фараби деген сынды, келіні деп жазатындар да, қыз кезіндегі тегі мен кейінгі күйеуінің тегін қосақтап Салтыков-Щедрин сияқты боп жүргендер де, тіпті руын қосып жазатындар да бар.
Бір кездегі Бейімбет Майлиннің әйгілі шығармасындағы "Арыстанбайдың Мұқышы" секілді Жарасқанның Әбдірашы, Оразайдың Файзулласы секілді боп жүргендер бар, қысқасы, 20-ға жетіп жығылады. Осыны бір ретке келтірмесе болмайды. Себебі аты-жөнді жазудың дәстүрі де, нормасы да сол ұлттың бет-бейнесіне сәйкес келетіндей, біздің қазақ екеніміз құжаттағы аты-жөнімізден-ақ білініп тұратындай болуы керек.
Қысқасы, ең алдымен оның қалай жазылуы керек екендігіне лингвистикалық тұрғыдан екі-үш ұсынысымыз бар: бірінші екілік үлгі – Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, яғни "ұлы", "қызы" үлгісі. Екіншіден, үштік үлгі – фамилиясы, өз аты, әкесінің аты. Себебі екілік үлгіде, яғни әкесі мен өз атын жазған күнде сәйкестіктер көп ұшырасып, бірдей аты-жөнді адамдар қиындық туғызуы мүмкін.
Қысқасы, ең алдымен оның қалай жазылуы керек екендігіне лингвистикалық тұрғыдан екі-үш ұсынысымыз бар: бірінші екілік үлгі – Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, яғни "ұлы", "қызы" үлгісі. Екіншіден, үштік үлгі – фамилиясы, өз аты, әкесінің аты. Себебі екілік үлгіде, яғни әкесі мен өз атын жазған күнде сәйкестіктер көп ұшырасып, бірдей аты-жөнді адамдар қиындық туғызуы мүмкін.
Өмірәлі Қопабаев, заң ғылымының докторы, профессор: – Мәселен, Кикабидзе, Шеверднадзе секілді "дзе" немесе "вили"-ге бітсе, оның грузин екенін айтпай-ақ білеміз, сол сияқты тегінің соңындағы "ан" мен "ян" армянды танытатын төлқұжатқа айналған. Ал біздің тегімізге қараған адам сыртымыздан орыс деп қалуы мүмкін, себебі біз әлі күнге "ов" пен "ова" боп жүрміз.
Қазақ болатын кезіміз жетті, бірақ бейжай қарағанымыздан әлі күнге заңдық тұрғыдан реттелмей тұрғаны. Гүлнар, Айнұр атты қыздарымыздың Гульнара, Айнура боп жүргенін бір ізге салатын нақты заң жүзіндегі тәртібін бекітуіміз керек.
Бірақ енді жаппай "ұлы" мен "қызына" көшіру деген дұрыс емес, меніңше, бірнеше нұсқасын жасап, соның ішінен әркім өз қалауына сай жаздыратындай етуіміз керек.
Айдос ҚАРТАҢБАЙҰЛЫ, саясаттанушы: – Меніңше, бұл – кезек күттірмей шешуге тиіс мәселе, себебі тіліміз бен өз ділімізді сақтау тұрғысынан өзіміздің өзге ешкімге ұқсамайтын жеке ұлт екенімізді дәлелдейтін бірден-бір фактор. Нақты мысал: әйелім 25-ке толғанда жеке куәлігіне аты-жөнін қазақшалады. Алайда артынан батпандай жүк арқалап алғанымызды білдік.
Әуелі жұмыс орнындағы кадрлар бөлімі мен бухгалтериясы шүйлікті. Былай қарасаң, "қазақ болып нең бар, орыстанған күйіңде неге жүре бермейсің" дегеннің кері... Басымызға тиген соң, еліміздегі заңдар жинағын алып қарастырдық.
1996 жылғы 2 сәуірде жарық көрген ҚР Президентінің "Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы" Жарлықтың 1-тармағынан: "Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуға тиіс.
Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай "ұлы" немесе "қызы" сөздері қосылып, бірге жазылады". Тоқ етері, қазақ азаматы "ұлы" мен "қызы" не болмаса "тегі" болып жазылуы тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/183147-kazak-esimderin-dyrys-zhazudyn-normasy-karastyryldy/