"Кінәлілерді аямаймыз": Тұрғымбаев полицияға қатысты қатаң мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бастықтар тарапынан жасалған қателіктерге көз жұмып қарамайтынын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде полиция қызметкерлерінің қатарында өздерінің қызметтік борышын адал атқарып жүргендер аз емес. Тәуелсіздік алғаннан бері 1500-ге жуық қызметкер мемлекеттік наградаларға ие болып, оның ішінде 131 полицей өз өмірін қызмет жолында құрбан етті.
Алайда, кейбір қызметкерлер тәртіп сақшысы бола тұра, заңдарды өрескел бұзады. Қарапайым сыпайылықтың болмауы, тәртіп пен азаматтардың құқықтарын бұзу, сыбайлас жемқорлық және басқа да теріс қылықтар жасау ішкі істер органдарында қызмет ететін барлық адамның атына кір келтіреді.
- Сондықтан полиция қызметкерлері тәртіп пен заңдылықтың бұзылуына жол берсе, Ішкі істер министрлігінде бұл төтенше оқиға ретінде қабылданады.
Олардың ішінде – Орал қаласында учаскелік полиция инспекторы көмекшісінің қатысуымен болған ЖКО салдарынан әйел адамның қаза болуы, Қызылорда қаласында патрульдік полиция инспекторының мас күйінде қызметтік автокөлікті басқаруы, Нұр-сұлтан қаласында екі патрульдік полиция қызметкеріне қатысты сот үкімінің шығуы сияқты жағдайлар бар.
Ішкі істер министрлігі тәртіп бұзушыларға ғана емес, сондай-ақ олардың басшыларына да қатаң шаралар қабылдап келеді және алдағы уақытта да солай болады.
Өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы үшін жергілікті полиция қызметі мен Орал қаласы Полиция басқармасының басшылығы тәртіптік жазаға тартылды, ал қызметкердің тікелей басшысы қызметінен босатылды.
Қарамағындағы қызметкердің қызметіне тиісті бақылау жасамағаны үшін Қызылорда қалалық ІІБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары лауазымынан босатылды және тағы 3 басшыға, оның ішінде Қызылорда қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасарына «қатаң сөгіс» жарияланды.
Тәртіп бұзушылардың өздері қызметке қайта алу құқығынсыз ішкі істер органдарынан бірден босатылды.
«ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне кінәлі қызметкерлерді қатаң тәртіптік жауапқа тарту жөнінде нақты тапсырма беремін. Бөлімшелердегі заңдылық пен тәртіп олардың басшылығының міндеті.
Біз кінәлілердің ешбіріне көз жұма қарамаймыз және аямаймыз!», - деп мәлімдеді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ қызметтері мен бөлімшелерінің басшыларымен өткен кеңесте.
Бұған дейін хабарланғандай, ІІМ-де сыбайлас жемқорлыққа жол берген қызметкерлердің басшыларын жеке жауапқа тарту принципі енгізілген.
Сонымен қатар, кадрлық өзгерістер мен аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша ағымдағы жылы орталық аппарат және өңірлік департамент қызметтерінің басшылық құрамы 60% -ға жаңартылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1831504-kinlilerdi-aamajmyz-trgymbaev-policiaga-katysty-kata-mlimdeme-zasady/