Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық шенеуніктер 31 желтоқсанды демалыс күні етуге қатысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

Көршілес Ресейдің мемлекеттік думасы 31 желтоқсанды ресми демалыс күні ретінде қарастыратын заң енгізуді ұсынды. Ресейліктердің барлығы дерлік 31 желтоқсанда демалу үшін, жылдың соңғы сенбі күнінде жұмысқа шығуға дайын. Осындай тәжірибені Қазақстанға енгізу жөнінде еліміздің депутаттары мен шенеуніктері әртүрлі пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Время" басылымына сілтеме жасап.

Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Facebook

Басылымның ақпарынша, заңның күшіне енуін күтпестен, Ресей Федерациясының 13 өңірінде 31 желтоқсанды – демалыс, ал сенбіге түсетін 28 желтоқсанды – жұмыс күні етуге бұйрық берілді.

Осындай ұсыныстар ара-тұра Қазнетте де байқалуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 31 желтоқсанда қызметкерлердің ешқайсы барын салып жұмыс істемейді.

Ол мереке күні өз қызметкерлерінің Жаңа жылға дайындалуына мүмкіндік беру үшін оларды жұмыстан ертерек босататынын жеткізді. Ал шенеуніктің өзі болса, жұмыс уақыты аяқталғанша жұмыс істеп, министрліктен соңғы болып шығуға ниетті. Және барлық жұмыс берушілерге өзінен үлгі алуға кеңес берді.

Әділет вице-министрі Наталья Панның айтуынша, бұндай ұсыныс парламенттен түскен жағдайда қаралады.

Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова еліміздегі барлық мерекелерді үкімет бекітетінін еске салып, бұл жөніндегі барлық сұрақтарды сол органға жолдау керектігін атап өтті. Ал жеке өзі аталған ұсынысты дұрыс деп есептейді, себебі, 31 желтоқсанда еңбек өнімділігі төмен болады.

Тағы бір мәжілісмен Тұрғын Сыздықов ресейлік тәжірибені айнытпай көшірудің қажеті жоқ деп есептейді, себебі, Қазақстанда басқа да проблемалар жетерлік.

Алайда, ол мерекелік дастарқан жаю үшін қыз-келіншектерді жұмыстан ертерек босататын дәстүр барын атап өтті. Халық қалаулысының да бұл күні өз көмекшісін кешке дейін ұстауға ниеті жоқ.

Ал үкімет қызметкерлерінің бірі биылғы 31 желтоқсанды демалыс күні етуге мүмкіндік жоқ екенін жеткізді. Өйткені, барлық демалыстар мен мерекелік күндер бір жыл бұрын белгіленеді. Дегенмен, үкімет бұл мәселені алдағы жылы қарастырып, 2020 жылдан бастап 31 желтоқсанды демалыс күні қатарына қосуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1832239-otandyk-seneunikter-31-zeltoksandy-demalys-kni-etuge-katysty-pikir-bildirdi/