Жаңаөзендік келіншек тобығынан түсетін ұзын шашымен көпті таңғалдыруда (фото)
Жарияланған күні:
Бүгінде бұрымдылардан гөрі, келте шашты қыздардың қатары көбейіп жатыр. Десе де, көркіне көрік қосып, бұрымдарын тобыққа жеткізіп жүргендер де баршылық. Солардың бірі-Ақмоншақ Исабергенова. 14 жасынан бастап шаш өсірген жаңаөзендік ару жайлы KAZ.NUR.KZ el24.kz сайтына сілтеме жасап жазады.
Ақмоншақ шаш өсіру туралы ой әжесінің суретін көргеннен кейін пайда болғанын айтады. Ата-анасы тарапынан оған "шашыңды қима, өсір" деген талап қойылмаған екен.
"Бір күні әдеттегідей отбасылық фотосуреттерді ақтарып отырып, әжемнің жас күніндегі суретіне көзім түсті. Оны бұрын көрсем де, дәл сол кездегідей әсер еткен емес. Әжемнің сұлу бейнесін одан әрі сұлуландырып тұрған бұрымы маған өте әдемі көрінді. Содан дәл әжем сияқты шаш өсіруді қолға алдым. Қазір 14 жыл уақыт өтіпті. Шашымды келте етіп қырыққан емеспін. Тіпті, бұған қызығушылығым да болған емес", - дейді ол.
Екі баланың анасы үлкен қызының да шаш өсіруге қызығушылығы бар екенін алға тартты.
"Мен қызыма да, басқа сіңлілеріме де шаш өсіру жайлы айтпаймын. Бірақ, ұзын шашты құп көремін. Оның жақсы жақтарын айтып отырамын. Әйел затына ұзын шаш тек көрікті болудың амалы десек қателесеміз. Шаш нәзік жандылардың ішкі күш-қуатының деңгейін көрсететін өлшеуіш деп ойлаймын. Тіпті, шаш жағымды энергияны жинақтайды деген түсінік те бар ғой. Ал шашы ұзын әйел салмақты, сабырлы болады екен", - деді ол.
Жаңаөзен тұрғыны 14 жыл бойы өсірген шашына ерекше күтім жасамайды. 1 метр 58 см шашын бір өзі жуады.
"Әлгінде айтқанымдай, бұл шаштарым өзіммен 14 жыл бірге. Оның үстіне, ол бір күнде өсіп шықпағаны да анық. Сондықтан, әбден үйренісіп алғанмын. Шашымды өзім жуып, өзім бальзамдаймын. Бұл маған ешқашан қиындық тудырған емес", - дейді жаңаөзендік келіншек.
Ақмоншақтың сөзінше, шаштың ұзын болуында бір ғана қиындық бар. Ол адамдардың қолаң шашқа қызығушылық танытуы.
Нәзік жандының айтуынша, көшеде оның шашын ұстап көргісі келетіндердің қарасы қалың.
"Шашыңа қызығушылық танытқаны жақсы ғой. Алайда үнемі қайталануы аздап мазаңды қашырады. Әсіресе, ер адамдардың тарапынан "шашыңды ұстап көрсек" дейтіндеріне рұқсат етпеймін. Бұл орынсыз деп санаймын. Ал қыздар қауымы болып жатса, әрине келісім беруге болады", - дейді ол.
Айта кетейік, 19 жастағы британиялық бойжеткен сұлулық процедурасының құрбаны бола жаздаған. Айтуынша, жасанды кірпік жапсырған тәжірибесіз маман оны көз жанарынан айыруға шақ қалыпты.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1837318-zaazendik-kelinsek-tobygynan-tsetin-zyn-sasymen-kpti-tagaldyruda-foto/