Серік Ахметовтің орынбасары толығымен ақталып шықты
Жарияланған күні:
Қарағанды облысын Серік Ахметов басқарған тұста әкім орынбасары қызметін атқарған Ғабит Мұхамбетов Жоғарғы сотта ақыры ақталып шықты. Ол кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін ешқандай ақша алмағанын дәлелдей алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жоғарғы сот экс-шенеунікті ақтап, сот және қадағалау органдарынан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюродан ақшалай өтемақы талап ету құқығын мойындады.
Сондай-ақ, ол өзін жемқорлық бойынша айыптап, тұтқындағаны үшін ресми түрде кешірім сұрауды талап етуге құқылы.
Ғабит Мұхамбетов үш жыл колонияға жабылған. Оған және елдің экс-премьер-министрі Серік Ахметовке, сондай-ақ, түрлі дәрежедегі 19 сотталушы бастыққа үкімді Қарағанды облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған судья Исламхан Есенбаев оқыған.
Бұл 2015 жылдың желтоқсаны еді. Кейінірек облыстық сот жазаларды жеңілдетіп, Серік Ахметовтің мерзімін 10 жылдан сегіз жылға қысқартты. Ал Ғабит Мұхамбетов 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасынан 3 жыл шартты түрге ауысты.
Тек төрт жылдан кейін Мұхамбетов Жоғарғы сотқа жазып, сот алқасына өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алды.
Үш судьядан тұратын алқа іс бойынша кейбір мән-жайлар бұрмаланғанын мойындады.
"Алқа сотталған Мұхамбетовке қатысты үкім оның іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты жойылуға тиіс деп есептейді", -деген сот алқасы басты куәгердің үнемі жауап берген уақытта көп шатасқанын алға тартты.
Ал Жоғарғы сотқа қатысқан прокурор Ғабит Мұхамбетовті кінәлі деп есептейді. Ол оның өтінішін қабылдамауды сұрады.
Енді Ғабит Мұхамбетов кінәсіз деп танылған соң қайтадан мемлекеттік қызметке кіре алады.
Жоғарғы соттың қаулысы оқылған соң бірден күшіне енеді.
Айта кетейік, жемқорлық іс бойынша сотталған бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов мерзімінен бұрын босатылмайтын болды. Прокурор сотталушыға бұған дейін екі рет рақымшылық жасағанын алға тартқандықтан, Қарағанды облыстық сотының судьясы осындай шешім шығарды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1838141-serik-ahmetovti-orynbasary-tolygymen-aktalyp-sykty/