Өмірбаян қалай жазылу керек: ережелер мен кеңестер
Жарияланған күні:
Өмірбаян – жеке өз атыңыздан жазылған, өмір жолыңыздың маңызды кезеңдері мен тұлғалық және іскерлік қасиеттеріңіз жайлы толығырақ сипаттама беретін құжат. Сондықтан да әр жұмысбасты адамға өмірбаянды қалай жазу, онда қандай мәліметтерді атап көрсету керектігін білген жөн. Мұндай қажеттілік жиі туа бермеуі мүмкін, алайда, құжаттың жазылу ережелері мен тәртібін нақты ұғынып алған артық етпейді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Өмірбаянның жазылуына қатысты нақты бір қатаң шарттар жоқ, дегенмен, құжатты толтырудың жалпы ережелерін білген дұрыс. Себебі, ол іскерлік құжаттама санатына жатқызылады.
Өмірбаян жазудың жалпы ережелері:
- Өмірбаянның еркін түрде және қысқаша жазылғаны дұрыс. Көлемі 1-2 беттен аспауы тиіс. Себебі, іс жүзінде ауқымды жазбалардың толық оқылмайтыны белгілі.
- Құжат іскерлік стильде жазылуы қажет. Сондай-ақ мәтінді қатесіз жазған дұрыс, баяндаманың сауаттылығы сіз жайлы алғашқы көзқарасты қалыптастыратын ескерген жөн.
- Өмірбаянды жазу кезінде хронологиялық тәртіпті ұстану қажет. Мәтіннің көңілге қонымды әрі дәйекті болғаны абзал.
- Маңызды мәселелердің бірі – өмірбаяныңызда атап көрсеткен мәліметтердің барлығы шынайы болу керек. Себебі, атап көрсеткен ақпаратыңыздың бірі жалған екені анықталса, бұл іскерлік беделіңізге нұқсан келтіруі әбден мүмкін.
Өмірбаянды сауатты жазуға мән беру қажет. Себебі бұл құжат кейін қызметкердің жеке ісіне жалғанады.
Құжат белгілі бір реттілікпен жазылуы тиіс. Қызметкердің өмір жолы мезгіл-мезгілімен сипатталуы қажет. Ол жалпы, қызметкердің психологиялық сипаттамасын толықтыруға септігін тигізеді.
Сондай-ақ құжатта қоғамдық жұмысыңыз бен хоббиіңіз жайлы ақпарат беруге болады.
Жұмыс беруші өмірбаянда көрсетілген мәліметтерді негізге ала отырып, тұлғаның мансаптық өсуі, әлеуметтік деңгейі, кәсіби мүмкіндіктері жайлы тұжырым шығара алады. Сол себепті жұмысқа орналасу кезінде өмірбаянның барынша сауатты жазылғаны жөн.
Өмірбаянның түйіндемеден ерекшелігі – онда тұлға жайлы кеңірек мәлімет беріледі: жетістіктері, білімі, отбасылық жағдайы және т.б.
Өмірбаянды қолдан жазуға, немесе компьютерде теріп, басып шығаруға болады. Құжатты толтыру кезінде төмендегідей белгілі бір құрылымды сақтаған жөн:
- Тақырыбы – құжаттың атауы, жазып отырған адамның аты-жөні.
- Төлқұжат деректері (туған күні мен туған жері).
- Отбасыңыз жайлы қысқаша мағлұмат: аты-жөндері, ұлттары, мамандықтары, қызметі.
- Хронологиялық тәртіпте алған біліміңіз жөнінде мәлімет беріңіз: орта, арнайы, жоғары білім алған мекеменің атауы, факультет немесе бөлім, алып шыққан мамандығыңыз.
- Нақты әрі қысқаша еңбек жолыңыз туралы ақпарат. Мәліметтерді реттілікпен берген дұрыс. Белгілі бір жұмысқа орналасқан, ауысқан немесе қызметіңізден босаған мезгілдерді нақты көрсетіңіз.
- Отбасылық жағдайыңыз туралы мәлімет.
- Әскери борышыңызды өтеген жағдайда, әскери билеттегі мәліметтерді атап көрсетіңіз.
- Өзіңізді қысқаша сипаттап беріңіз: неге қызығасыз, жеке басыңызға тән қасиеттер және т.б.
- Тіркелген мекенжайыңыз, телефон нөмірі және басқа да байланыс мәліметтері.
Өмірбаянның төменгі жағына толтырылған мезгілді белгіліп, қол қою керек.
Жұмысқа орналасушы өмірбаянға сотталғаны туралы, асырап алған немесе некесіз туған балалары жөнінде мәлімет беруге міндетті емес.
Ең бастысы– кәсіби өсіміңізді аңғартатын ақпараттарға ерекше көңіл бөлгеніңіз абзал.
Болған жағдайда міндетті түрде біліктілікті арттыру шараларын атап көрсетіңіз: курстар, семинарлар, жаттығу сабағы және т.б. Сондай-ақ қоғамдық қызмет пен әлеуметтік жобаларға қатысқан болсаңыз, оны да айта кеткен артық етпейді.
Қызметкердің өмірбаяны – жұмысқа қабылдаудағы қағазбастылық процесті жеңілдетуге көмектесетін құжат. Кадр қызметкерлері осы құжаттағы мәліметтерді негізге ала отырып, жаңа қызметкерге есеп картасын ашады.
Жұмыс берушінің өмірбаянның жазылуы мен мазмұнына ерекше мән беретінін ескерген жөн. Себебі, жазу шеберлігі мен сипаттау мәнері жаңа қызметкердің біліктілігі жайлы ақпарат беретіні сөзсіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1839562-mirbaan-kalaj-zazylu-kerek-erezeler-men-keester/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.