Қазақстанның Бас мүфтиі ауысты
Жарияланған күні:
Наурызбай Қажы Тағанұлы еліміздің бас мүфтиі болып сайланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін, 7 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ Құрылтайында Серікбай қажы Ораз ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын ұсынды.
Құрылтайға жиналған 300 делегат Серікбай қажы Ораздың ұсынған кандидатурасына бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфтилікке сайлады.
"Наурызбай қажы Тағанұлы менің бірінші орынбасарым ретінде көптеген игі жобаларды жүзеге асырды. Діни салада тәжірибесі мол. Наурызбай қажы Тағанұлының Діни басқарма жұмысын жандандырып, жаңа бастамаларға ұйытқы болатынына сенемін", – деп атап өтті.
Құрылтайға қатысқан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Серікбай қажы Ораздың 2017-2020 жылдары атқарған жұмысына оң баға беріп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, діни саладағы ортақ шараларды бірлесе жүзеге асыруға ниеттестік білдірді.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында: "Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300 делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды.
Осы мерейтой аясында 30 мешітке ел игілігі жолында қызмет еткен тұлғалардың, соның ішінде әл-Фараби мен Абайдың есімін беруді, 30 елді-мекеннің ауыз су, жол-көпір мәселесіне оң ықпал етуді, 30 отбасыға қайырымдылық жасауды, 30 студентке грант тағайындауды, 30 мешітке күрделі жөндеу жүргізуді, т.б. игі іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап қойдық. Барша жамағатты сауапты істі бірлесе атқаруға шақырамын", – деп атап өтті.
Айта кетсек, Наурызбай қажы Тағанұлы осыған дейін ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, "Әзірет Сұлтан" мешітінің Бас имамы қызметін атқарды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1839885-kazakstanny-bas-mftii-auysty/