Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жақсылық Үшкемпіров Қордайдағы оқиғаға байланысты халықты сабырға шақырды

Жарияланған күні:

Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров Қордайдағы оқиғаға байланысты халықты сабырға шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жақсылық Үшкемпіров. Фото: zanmedia.kz
Жақсылық Үшкемпіров. Фото: zanmedia.kz: Depositphotos
"Тәуелсіздік алып, қандай мемлекет екенімізді бүкіл дүние жүзіне танытып жатырмыз. Бәріміз тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Кешеден бері Жамбыл облысындағы оқиғаны естідім. Ел болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады. Біздің бабаларымыз қаншама ғасыр бойы қиыншылықты басынан кешірді. Бабаларымыздың әр уақытта өзінің ұстамдылығымен, сабырлығымен, даналығымен, ауызбіршілікпен елді ұстап отырғанын ұмытпасақ деймін", - деді Жақсылық Үшкемпіров.

Қазақстанның Еңбек Ері өзі әрдайым ауызбіршілікпен, ынтымақты қалайтынын атап өтті.

"Мен отыз жасымда Олимпиада чемпионы болдым. Қанша жыл сабырлылықтың арқасында қиыншылықтарды бастан өткердік. Қазағымның мықтылығының арқасында мен сондай биікке көтерілдім. Сол себепті бәріміз сабырлылық сақтай отырып, осындай кикілжіңді бірге тоқтатып, жастарға үлгі болатындай сөз айтып, қазақтың ынтымақсүйгіш ел екенін көрсетуіміз керек", - деді ол.

Сонымен қатарЖақсылық Үшкемпіров жастардың өз келешегін ойлауы керектігін жеткізді.

"Өзіміз бүлдіріп жатсақ, кейінгі буынға қандай тәрбие береміз. Барлық қиыншылық жағдайда сабырмен ортақ шешімге келейік. Елім мен жұртым аман болсын. Үлкенді құрметтеп өскен халықпыз. Сондықтан ақсақалдарымызды тыңдап, бір-бірімізге тек жастарға үлгі боларлық іс көрсете білуіміз керек деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", - дейді Олимпиада чемпионы.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысы, Қордай ауданында 7 ақпан күні жергілікті тұрғындар арасында болған жанжалдан 8 адам қаза тауып, 40-тан аса адам әртүрлі жарақат алған.

Аталмыш оқиғаға қатысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, қаза болғандардың отбасына көңіл айтты және зардап шеккендерге сауығып кетуін тіледі.

Сонымен қатар мемлекет басшысы оқиғаға байланысты үкімет комиссиясын құруды тапсырған болатын.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1840043-zaksylyk-skempirov-kordajdagy-zanzalga-bajlanysty-halykty-sabyrga-sakyrdy/