Тоқаев Мюнхен қаласына барды (видео)
Опубликовано:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысу үшін Германияның Мюнхен қаласына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebbok парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
![Кадр видеодан Кадр видеодан](https://cdn.nur.kz/images/1120/e70e5ea80f7d0381.jpeg)
Берік Уәлидің мәліметінше, президент Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында өтетін панельдік пікірталасқа қатысады.
Сонымен қатар ел басшысы әлемдік көшбасшылармен, халықаралық ұйымдардың, Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарлануда.
Конференцияда Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірталасқа қатысып, "Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме" тақырыбында сөз сөйлейді.
Мюнхенде өтетін іс-шараға қатысу үшін 40-қа жуық мемлекет басшылары, 100-ден астам сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының жетекшілері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар барады.
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылады. Конференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялар проблемаларын, Таяу Шығыстағы ахуалды, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлерін, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегін, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлерін, жалған ақпаратпен күрес және басқа да мәселелерді талқылайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысының 14-16 ақпан аралығында Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысу үшін Мюнхен қаласына жұмыс сапарымен баратынын хабарлаған едік.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1841041-tokaev-munhen-kalasyna-bardy-video/