Биыл БҚО-да 24 ауылға таза су жеткізіледі
Жарияланған күні:
Биыл БҚО-да 24 ауылға таза су жеткізіледі. Бұл туралы БҚО әкімі Ғали Есқалиев халық алдындағы есептік кездесуінде айтты. Қазір өңір халқының 86,8 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. 2019 жылы 32 мың халқы бар 23 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылып, нәтижесінде халықтың орталықтандырылған сумен қамту үлесі 81%-дан 86,8%-ға дейін көтерілген.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 2019 жылы Теректі және Казталов аудандарының 16 ауылын газдандыруға бюджеттен 1,1 млрд. теңге бөлініп, елді-мекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, өңірдегі 2019 жылғы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 170 млрд. теңгені құрап, БҚО өсу қарқыны бойынша республикада бірінші орында екендігі белгілі болды. Есепті кезеңде жалпы мал шаруашылығында 106 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өсім- 2,6%-ды құраған.
Халықты әлеуметтік қолдау шеңберінде 2019 жылы 4,4 млрд. теңге соммасында несиелер мен айыппұлдар өтелген. Өңірде 12 мың отбасына 6,7 млрд. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. 2020 жылы әлеуметтік салаға 132 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр, бұл облыс бюджетінің 54% құрайды.
Заман талабына сай цифрландыру жұмыстары да өңірде қарқынды жүргізілуде. Орал қаласы цифрландыру рейтингісі бойынша үздік үштікке кірген. Өткен жылы 60 ауыл жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. Мемлекеттік қызмет түрінің 90 пайызын электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр. Цифрландыру аясында бірыңғай ІKomek109 Uralsk call-центрі іске қосылып, 24 сағат бойы жұмыс жасауда. Тұрғындардан осы уақытқа дейін 24 мыңнан аса қоңырау түскен.
БҚО-да әлеуетті инвесторларға жағдай жасау мақсатында индустриялдық аймақ жасақтау қолға алынған.
"ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша 2020 жылы өңірге инвестиция тарту көлемін 628 млрд. теңгеге жеткізуіміз қажет. Бұл біздің үстіміздегі жылы атқарылар негізгі басымдықтарымыздың бірі" - деп атап көрсетті облыс әкімі Ғ.Есқалиев.
Жиын барысында өңір басшысы есептік кезең мен алда атқарылатын істерге жеке-жеке тоқталып, азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстарына жауап берді. Есептік кездесуге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Дәурен Байтөлешов, облыстық басқарма, департамент басшылары, облыс тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Есептік жиын "Aqjaiyq" телеарнасының тікелей эфирі арқылы көрсетілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1841143-biyl-bko-da-24-auylga-taza-su-zetkiziledi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.