Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда липосакция жасатпақ болған 36 жастағы келіншек мерт болды

Опубликовано:

Алматыда артық майдан арылу үшін ота жасатпақ болған төрт баланың анасы жеке клиникада көз жұмды. Қазір аталмыш іспен полиция айналысып жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Жәмила Жылқайдарова. Кадр КТК арнасы
Жәмила Жылқайдарова. Кадр КТК арнасы: Depositphotos

36 жастағы Жәмила Жылқайдарова әдемі, әрі сымбатты көріну үшін тері астындағы майын алдыруға бел буған екен. Алматылық келіншек пластикалық отаға ұзақ дайындалыпты. Жақын құрбысы тіпті, оның "Мәскеуге барып мамандардан кеңес алғанын" айтады.

"Жап-жас, сау қыз. Неге мен оны тоқтатпадым? Білмеймін. "Барамын да, келемін, жасаймын, ақшасын төлеймін, әдемі боламын" деген. Солай аяқталарын кім білген?... Кететінін, келмейтінін...", - дейді марқұмның құрбысы Әйгерім Тобылдинова.

Жәмила ота жасатуға 3 млн 100 мың теңге төлеген. Оның қазасы туралы алғаш болып қайын ағасы естіпті. Клиникаға бірінші болып жеткен Азамат Ауылбековтің болжамынша, келіні Жәмила хирургтар айтқан уақыттан ерте көз жұмған.

Ал жақындарына кеш хабарлануын туыстары "ізін жасырудың амалы" деп түсініп отыр.

"Егер келініміз таңғы 7-де көз жұмса, мына жерде жедел жәрдем, полиция болатын еді. Мен клиникаға сағат 11-де келген кезде ешкімді көрмедім. Есесіне, клиниканың адвокаты жүр. Бұлар алдын ала дайындалған. Келініміз жұма күні үйден өз аяғымен кеткен. Оны отадан кейін мейірбикенің қарауында қалдырғаны анық. Бақылау камерасынан сол күнгі жазбалар өшірілген. Пластикалық ота жасай алмайтын орталықты мүлдем жабу керек", - дейді марқұмның қайын ағасы Азамат Ауылбеков.

Қазіргі таңда медициналық орталықтың есігі жабылып, Қылмыстық кодекстің 317-бабымен іс қозғалған. Ал ақ халаттылар тергеліп жатыр.

Сонымен қатар сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.

Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, медициналық қызметкерлер өз қызметіне немқұрайлы қарағандықтан және дер кезінде медициналық көмек көрсетпегеннің салдарынан адам өлімі болуы мүмкін.

Сараптама қорытындысы 20 күннен соң әзір болады. Құзырлы орган медициналық орталықтың лицензиясын да тексермек.

Дереккөз КТК арнасы

Айта кетейік, бұл липосакцияға қатысты адам өлімі тіркелген алғашқы жағдай емес. Мәселен өткен жылы Қазақстан азаматшасы Саратовтағы клиникалардың бірінде көз жұмған еді. Болжам бойынша, келіншек липосакция жасатқан.

Сонымен қатар 2018 жылы Алматыда пластикалық ота жасатқан әйел адам қайтыс болғаны хабарланса, 2017 жылы тағы бір келіншектің мерт болғаны анықталды. Болжам бойынша марқұм да липосакция процедурасын жасатуға келген.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1841444-almatyda-liposakcia-zasatpak-bolgan-36-zastagy-kelinsek-mert-boldy/

pixel