16-шы сәбиін күтіп жүрген петропавлдық көпбалалы отбасы жайлы не білеміз
Жарияланған күні:
Қазақстанның солтүстік өңірінде 15 балалы отбасы тұрады. Көпбалалы Павел және Татьяна Култышевтар бүгінде он алтыншы нәрестелерін күтіп жүр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Павел мен Татьянаның үйленгендеріне биыл 20 жыл. Үйленген кезде ер адам 22 жаста, келіншегі 19 жаста болыпты. Жастар шаңырақ көтерген сәтте қанша баласы болатынын жоспарламаған.
Бірінші сәбилері өмірге келген соң Татьяна жыл сайын босанған. Бүгінде олардың 8 ұлы мен 7 қызы бар. Үлкен қыздары Инна 18 жаста болса, ең кенжесі Любовь 10 айлық.
Бүгінде бүтін бір әулеттің отағасы атанған Павелдің айтуынша, ол қыздары мен ұлдарын бірдей жақсы көреді. Ер адамның сөзінше, үйде біреуі болмай қалса, оның орны бірден сезіледі екен.
Бақытты ата-ана балаларының есімдерін жатқа білгенімен, кейде олардың туған күндерін шатастырып алатын көрінеді.
Отағасының өзі сегіз балалы отбасында өскен. Ал Татьяна қарапайым жанұяда тәрбиеленіпті. Келіншектің сөзінше, бұған дейін жүктілік кезеңі мен босану процесінде ешқандай мәселе болмаған. Сәбиелері өмірге 3-4 келі салмақпен келген.
Ерлі-зайыптылар бөбектеріне есімді бірлесе қояды.
Он бес баланың тәрбиесімен айналысу да оңай шаруа емес. Қазіргі уақытта 10 баласы мектепке барады. Олар әртүрлі ауысымда оқиды. Балалар тәрбиесіне үйдің отанасы жауапты.
Ал Павел болса жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ол дәнекерлеуден бастап, жүк тасымалдауға дейін кез келген жұмысты істей береді.
Петропавл тұрғынының айтуынша, баланы тәрбиелеп, оны материалдық тұрғыдан қамтудың біраз қиындығы бар. Алайда оларға Құдай өзі жәрдемдеседі.
Бүгінде көпбалалы жанұя 74 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алады. Отбасы осыған да қанағат етеді, десе де жәрдемақыны көтерсе екен тілектері бар.
Еске сала кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде бала саны жетіден асатын көпбалалы отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері өсетінін мәлімдеген еді.
Нұрымбетовтың сөзіше, 15 балаға – 159 мың теңгеден төленеді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1842381-on-altynsy-nrestelerin-ktip-zrgen-petropavldyk-kpbalaly-otbasy-zajly-ne-bilemiz/