Жалғас Жұмағұлов UFC-мен келісімшарты жөнінде мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Бүгін, 24 ақпан күні Алматыда отандық аралас жекпе-жек шеберлері Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов пен Дәурен Ермековтің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Оның барысында Жалғас Жұмағұлов UFC-мен келісімшарты жайлы толыққанды ақпарат беріп, болашаққа жоспарымен бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Осыдан бірер күн бұрын ғана әлемдегі ең танымал Ultimate Fighting Championship (UFC) промоутерлік орталығының құрамына қабылданған Жұмағұлов келісімшартының мән-жайын жария етті. Белгілі болғандай, отандық аралас жекпе-жек жұлдызы бір жылдық келісімге қол қойған. Оған сәйкес, спортшы алдағы уақытта төрт жекпе-жек өткізетін болады.
Оған қоса, отандасымыз алғашқы кездесеуі қашан және қайда өтуі мүмкін екенін айтты.
"Біз бір жылдық келісімшартқа, төрт жекпе-жекке қол қойдық. Дебют шілде айына қарай жоспарлануда. Ол Нұр-Сұлтан қаласында өтуі мүмкін. Жақында ресми түрде жариялау керек. Ал дайындық жөнінде айтатын болсам, әдеттегідей өз командаммен шынығып жатырмын. Біздің команда күннен күнге көбейе түсуде. Қатарымызда көптеген тәжірибелі спортшылар бар. Әрі қарай жұмысты жалғастыра береміз" , - деді Жұмағұлов.
Спортшы бір жарым жыл күткен келісімшарты туралы жаңалықты естігенде қандай әсер алғанымен бөлісті.
"Менеджерім хабарласып, менің қалымды сұрады. Маған оның қоңырау шалып, қал-жағдайымды сұрағаны бір түрлі көрінді. Содан кейін ол маған қайтадан Fights Night ұйымында жекпе-жек өткізуге келісіп жатқанын айтты. Мен бірден ашуға бой алдырып, UFC-де ғана өнер көрсеткім келетінін айттым.
Менің ашулана бастағанымды сезіп, ол қалжындап жатқанын айтты. Тек соңында ғана келісімшарт ұсынылғанын хабарлады. Әрине, қуаныштымын. Мен бұл күнді ұзақ күттім. Келісімшарттың өзін бір жарым жыл күттім. Бірақ, армандар орындалады. Тек өзіңе деген сенімді жоғалтпау керек" , - деді аралас жекпе-жек шебері.
Сонымен қатар, аталмыш баспасөз мәслихаты аясында UFC-мен келісімшартқа отыруы әбден мүмкін келесі қазақстандық спортшы белгілі болды. Сергей Морозов жерлесі Жұмағұловтан кейін, Ultimate Fighting Championship ұйымына қосылатын үміткер болып шықты.
M-1 Global чемпионы жақын арада әлемдік промоутерлік орталық құрамына кіруге ниетті екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі таңда екі тарап арасында келссөздер жүріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Жалғас Жұмағұловтың UFC-мен келісімшартқа қол қойғанын хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1842390-zalgas-zmaglov-ufc-men-kelisimsarty-zninde-ajtty/