Жетісайда лимон өсіріп миллионер атанған кәсіпкер туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Жетісай ауданында орналасқан елді мекендегі шаруа қожалығы өткен жылы 10 соттық лимон алқабынан 5 тонна шамасында өнім алған. Соның нәтижесінде, аталған кәсіптің иесі 5 миллион теңгеге кенелген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Отырар арнасына сілтеме жасап.
Шаруа қожалығы Атамекен ауылдық округінде орналасқан. Кәсіптің иесі Мұрат Жұмабеков өткен жылы өндірген 5 тоннаға жуық лимонның барлығы сатылып кеткенін айтады.
Оның сөзінше, цитрустар тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдіктің келісін 800 теңгеден сатып, 5 миллион теңге пайда тапқан.
Жұмабеков алдағы жылы лимон көлемін тағы 30 соттыққа ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жасырмады.
Ал жылыжай бағбаны Юлдаш Аблазов бұл кәсіптің қыр-сырларын айтып берді.
"Лимонның көшеттерін 2016 жылы Өзбекстан елінен арнайы алдырттық. Жылыжай құрып, үшінші жылы 3 тонна, ал биыл 5 тонна өнім алдық. Әр түп шамамен 30-40 келіден өнім берді. Негізінен әр түп лимон 25-30 жыл өнім беруге қауқарлы", - дейді жылыжай бағбаны.
Белгілі болғандай, Мұрат Жұмабеков басшылық ететін шаруа қожалықтың иелігінде 17 гектар жер бар. Оның 6 гектарына шабдалы, 20 соттығына жүзім, 20 соттығына лимон, 80 мың түп шайлы роза көшеттері егілген көрінеді.
Еске сала кетсек, осыған дейін жетісайлық шаштараздың қалай миллионер атанғанын жазған болатынбыз.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1843683-zetisajda-limon-sirip-millioner-atangan-ksipker-turaly-ne-bilemiz/