Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Туған тілімдей болып кеткен": Қазақшаға "судай" орыс қызы туралы білесіз бе

Жарияланған күні:

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Марина Сахарова Павлодар жұртшылығына жақсы таныс. Ол 2011 жылдан бері облыстық телеарнада қазақ тіліндегі жаңалықтарды жүргізіп келді. Бүгінде елордаға ауысып, отандық телеарналардың біріне орналасқан Маринаның мемлекеттік тілге деген құрметі жоғары. Қазақша поэзия оқып, көркем әдебиетті жанындай сүйетін тележурналист KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, ана тілімізді қалай меңгергенін айтып берді.

Фото: Instagram/Марина Сахарова
Фото: Instagram/Марина Сахарова: Instagram

27 жастағы Марина Сахарова жақында "Еуразия" арнасының жаңалықтар бөліміне ауысты. Бүкіл елге ақпарат тарататын ол алғашында тележүргізуші боламын деп мүлде ойламаған. Алайда, қазақ тілін жетік білгені Маринаның өмірлік мамандығын табуына және халыққа танылуына көмектескен.

"Мен Павлодар облысы Баянауыл ауданы Бірлік ауданында, қарапайым орыс ұлтының отбасында дүниеге келдім. Ата-анам бес қызды тәрбиелеп өсірді. Өзім үйдегі төртінші перзентпін.

Алғашында әке-шешем мен ата-әжем қазақша мүлде түсінбейтін. Бірақ бізді орта тәрбиеледі. Қазақы ортада тұрғандықтан, бәріміз қазақ тілін жетік меңгергенбіз.

Отбасымызда өзара қазақша сөйлесеміз. Бастапқыда ауылымызда орысша сыныптар болған. Алайда, басқа ұлт өкілдері аз болғандықтан жабылып қалды.

Осылайша, қазақ мектебінде білім алып, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін дәрежеге жеттік. Шыны керек, тіл білгеннің арқасында қатардан қалған жоқпыз. Егер біз араласатын орта болмағанда, тіл үйрену қиынға соғар ма еді?!", - дейді Марина.

Марина Сахарова қалың елге тележүргізуші ретінде танылуда. Ол жоғары оқу орнын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған.

"9 сыныпты аяқтаған соң Павлодардағы колледжде аударма ісі бойынша (қазақша-ағылшынша) білім алдым. Бірақ жоғары оқу орнында ақылы түрде жалғастыру үшін анамның ақшасы болмады. Осы кезде қазақша білгенім тағы да көмекке келді. Инновациялық Еуразия университетінің ректорв Владимир Шнейдер маған арнайы грант бөліп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ЖОО аяқтадым.

Студент кезімде өте белсенді болатынмын. Мәнерлеп өлең оқу сайыстарына, түрлі конференцияларға жиі қатысатын едім. Осылайша тілдерді дамыту орталығы мамандарының көзіне түстім.

Ал 2011 жылы сол кездегі облысы әкімі Бақытжан Сағынтаев қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін жұмысқа алуды тапсырған. Сол жылдан бастап 8 жыл бойы "Қазақстан-Павлодар", қазіргі Ertis арнасында жаңалықтар жүргіздім",- дейді ол.

Бүгінде Марина қызымен бірге Нұр-Сұлтанға көшіп келіп, елордада жаңалық жүргізсем деген арманын жүзеге асыруда.

"Қызым балабақшада қазақ тобына барады. Мен сияқты сөйлей алмаса да, екеуара қазақ тілінде әңгімелесіз.

Үйдегі әпке-сіңлілеріммен де тек қазақша сөйлесеміз. Яғни, тек эфирде ғана емес, күнделікті тұрмыста да қазақ тілін қолданамын. Қызым қазақ тілін міндетті түрде жетік меңгереді! Себебі, мен Қазақстаннан көшіп кетуді ойлаған емеспін.

Осы елде тұрамын, осы елдің дамуына үлес қосамын. Ал қазақ тілі менің туған тілімдей болып кеткен. Қазақстанда тұрған соң оның тілін де құрметтеу керек деп ойлаймын.
Мектепте қазақ әдебиеті ең сүйікті пәнім болатын, қазақ поэзиясын сүйіп оқимын. Енді тележүргізуші ретінде бүкіл елге қазақша жаңалық таратамын", - дейді Марина Сахарова.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1844800-kazakstanda-trgan-so-tildi-de-su-kerek-kazaksaga-sudaj-orys-kyzy-agynan-zaryldy/