Коронавирустан қорғанудың тиімді тәсілдері қандай
Жарияланған күні:
Бүгінде әлемді жайлаған коронавирустан қорғанудың әртүрлі әдістері айтылып жүр. Олардың қатарында: маска кию, қолды мұқият жуу, иммунитетті көтеру мақсатында витаминдерді көп тұтыну, спортпен шұғылдану және тағы басқалары. Осы орайда NUR.KZ редакциясы әлемде қатерлі вирустан қорғанудың қандай тиімді тәсілдері бар екенін біліп көруге тырысты.
Бетті жиі жуу керек
Мәслелен, topspb телеарнасы мәлім еткендей, Санкт-Петербургтің медициналық профилактика орталығы гигиена музейінің дәрігері Елена Живчикова көпшілікке танымал қорғану әдістерімен қатар, жиі бетті жууға, көшеге шыққанда тағатын мойынорағышты жиі жуып, үтіктеуге, қоғамдық көліктерде тұтқаны ұстамау үшін жұқа қолғап киюге кеңес береді.
Сондай-ақ дәрігер медициналық маскаларға қатысты сыни көзқарасын білдірді.
"Бұл мүмкін болған қорғану әдістерінің бірі, бірақ ұзақ уақытқа емес. Оларды үнемі ауыстырып тұру керек", – дейді маман.
Бұдан бөлек, ол жүрекке шамадан тыс жүктеме салмау керектігін жеткізді.
Атап айтқанда, әзірше жұмыстан кейін физикалық жүктемелерді азайту ұсынылды. Дәрігер спорт залдарына баратындарды уақытша, қатерлі вирус бәсеңдегенше күш-қуатты сақтауға шақырды.
Латексті қолғап – вирустан сақтанудың тиімді әдісі
Ал Мәскеу мемлекеттік медицина университеті стоматология институтының директоры Ирина Макееваның пікірінше, коронавирустан сақтанудың тиімді әдісі – латексті қолғап кию деп жазды business-gazeta.ru басылымы.
Маманның айтуынша, қолына қолғап киген адам өз бетін қолымен ұстай бермейді, бұл инфекцияны жұқтыру қаупін төмендетеді.
"Мәселен, ауруды тасушы адам есікті ұстауы мүмкін. Сау адам сол есікті ұстап, содан соң мұрнын немесе көзін қасыса вирус оның ағзасына түседі. Мұндай қауіптің бетін қайтару үшін қоғамдық орындарда латексті қолғап киюге кеңес беремін", – дейді ол.
Зергерлік бұйымдарды тазалап тұру қажет
Бұдан бөлек, австралиялық медбике коронавирустан қорғану үшін күнделікті зергерлік бұйымдарды тазалап тұруға кеңес берді деп жазды lenta.ru.
Медицина қызметкері әлеуметтік желіде микробтардың қандай заттар арқылы таралуы мүмкін екенін жазған. Бұл тізімге зергерлік бұйымдар мен сөмкелер кірген.
Медбикенің айтуынша, ол өзінің неке жүзігін тағар кезде оны антисептикалық немесе спирттік майлықтармен дизинфекциялайды. Сондай-ақ ол даладан келгенде сөмкесі мен заттарын төсекке қоймайтынын атап өтті.
"Жақсылап душқа түсіп алмай, төсекке жатпаймын", – дейді маман.
Сарымсақ қатерлі вирустан қорғай ма?
Көптеген әлеуметтік желі қолданушылары қатерлі вирустан қорғану үшін сарымсақ жеу керек деген пікір айтады. Осы орайда, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарымсақты микробқа қарсы белгілі бір қасиеті бар пайдалы азық ретінде мақұлдайды. Алайда, оның коронавирустың жаңа түрінен қорғайтыны туралы ешқандай айғақ жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін иммунитетті көтеру үшін күн сайын ашқарынға су ішудің пайдасын жазған болатынбыз.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1845079-koronavirustan-korganudy-tiimdi-tsilderi-kandaj/