Президент: Халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдадық
Опубликовано:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимі 30 күнге созылатынын, биліктің бұндай шешімді халықтың денсаулығы үшін қабылдап отырғанын білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылады. Президент жанынан Мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарады. Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылады. Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады. Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды.
Көптеген азаматтарымыздың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін. Дегенмен, бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін, 16 наурызда елімізде таңғы сағат сегізден бастап төтенше жағдай енгізілді.
Оған қоса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түскі сағат 14:00-де Қазақстан халқына үндеуін жолдады.
Президент өз сөзінде бұл күрделі жағдайды ел болып бірге еңсеретінімізді алға тартып, жаһанда тараған қатерлі кеселмен күресуде қазақстандықтарға сенім білдірді.
Сондай-ақ, ол жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1845636-tokaev-halykty-densaulygy-sin-osyndaj-sesim-kabyldap-otyrmyz/