Көкшетауда тұрғындар карантин режимін сақтамай жүрген "полковник" пен "подполковникті" ұстап берді
Жарияланған күні:
Көкшетау көшесіне кешқұрым патрульге шені дардай полковник пен подполковник шыққан. Мұны көрген жұрт оны қазіргі төтенше жағдайдың маңыздылығымен байланыстырады. Алайда полицей формасын кигендердің ішкі істер органдарына мүлдем қатысы жоқ болып шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай карантин режимін өздері сақтамай, қолғапсыз, бетпердесіз жүрген шенді полицейлерді көрген қырағы тұрғындар 102-ге шағымданып хабар берген.
Патрульде полковниктердің жүрмейтінін білген тәртіп сақшылары жасы 35-тегі көкшетаулық азамат пен 34 жастағы келіншекті бөлімшеге жеткізген. Иықтарында жұлдызы жарқыраған погон тағып, су жаңа полицей формасын киген олардың қолында тіпті пневматикалық тапанша болыпты.
Патрульді ұйымдастырған азамат келіншекті "полицияға жұмысқа орналастырамын" деп ауылдан алып келген екен. Сол қызметі үшін қыздың әкесінен 400 мың теңге алған.
Кейіннен "полковниктің" жүйке аурулары диспансерінде арнайы есепте тұрғаны белгілі болды. Ал бірден "подполковник" болып шыға келген келіншек оған "сеніп қалдым" деп отыр.
Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчуктың мәліметінше, қазір аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Олар өз бетінше мемлекеттік жауапты лауазымдағы қызметкердің шенін пайдаланбақ болған. Полицей формасы да, тапанша да тәркіленді. "Сеніп қалдым" деген әйел де бұл әрекеті үшін жауап береді. Олар тергеуге келуге міндеттеліп, үйіне жіберілді", - дейді Гүлнар Пинчук.
Дереккөз КТК арнасы
Айта кетейік, бұған дейін маска сатып алмақ болған Өскемен тұрғынының алаяқтар арбауына түсіп қалғанын хабарлаған едік.
Анықталғандай қала тұрғыны ғаламтордағы "медициналық бетперде сатылады" деген жарнамаға көзі түскен. Масканы сатып алмақшы болған ол сатушының талабына сәйкес, ақшаны онлайн төлем арқылы жібереді. Алайда төлем жасалған соң сатушылармен байланысу мүмкін болмапты. Ал тапсырыс берген маскасы тұрғынға жеткізілмеген.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1848276-kksetauda-trgyndar-karantin-rezimin-zderi-saktamaj-zrgen-polkovnik-pen-podpolkovnikti-stap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.