Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рамазан айындағы сауабы мол амалдар және тыйым салынған әрекеттер

Жарияланған күні:

Орталық мешіт
Алматыдағы Орталық мешіт. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Қасиетті рамазан айының басталуына санаулы күн қалды. Осы орайда KAZ.NUR.KZ порталы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының muftyat.kz сайтына сілтеме жасай отырып, оразада орындалуға тиіс он амалды атады. Сонымен қатар ислами дереккөздерге сүйене отырып, ораза кезінде жасауға болмайтын амалдар жайлы ақпарат ұсынады.

Ораза кезінде қандай амалдарды орындау керек?

Құранмен дос болу

Құран оқылған, оған амал етілген үйде Алланың берекеті орнайды.

Ардақты Пайғамбарымыз: "Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар..." деп өсиет еткен. Себебі, "Құран оқу – көңілдің шипасы" (хадис).

Түнді намазбен өткізу

Түнгі намаз – жүректің тыныштығы, екіжүзділік дертіне шипа, Алламен берік байланыс орнататын риясыз құлшылық.

"Түнгі намазға аса мән беріңдер. Сендерден алдын өткен ізгі адамдар оны үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз Жаратушыға жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі іске баруға тосқауыл болады" (хадис).

Рамазанда оқылатын тарауық намазына тахажуд қосылса – құба-құп.

Үнемі дұғада болу

Дұға – мұсылманның қорғаны. "Дұға – ғибадаттың мәні" (хадис). Алла Тағала "Мүмин" сүресінің 60-аятында: "Менен сұраңдар. Тілектеріңді қабылдаймын", – деп уәде еткен.

Таңғы және кешкі, жұма және Қадір түнінде, басқа уақыттарда айтылатын дұғаларға мән беру қажет.

Пітір садақасын беру

Садақа – жамандықты жоятын амал, айналадағы көмекке зәру адамдардың ақысы.

"Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – адамдарға пайдалы болғандарың" (хадис).

Ауызашар ұйымдастыру

Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқжітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

"Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді".

Истиғфар, салауат айту

Теріс ой мен ғайбат сөз үшін кешірім сұраудың ең қарапайым үлгісі – "Алла мені кешірсін" деп истиғфар айту.

Ардақты Пайғамбар Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту уайым мен қайғыдан арылтады. Алла Елшісіне салауат айтуымыз – өзімізге амандық пен береке тілеуіміз. Сөз бен ойдың оразасы адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

Сары тәспі
Сары түсті тәспі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Тамақты тежеу

Рамазан – аз тамақ жеп, көп құлшылық жасауға тәрбиелейтін ай. Расында, көп асаған көп ұйықтайды. Көп ұйықтаған көп игіліктен құр қалады.

Уақытты жүйелеу

Рамазанда әрбір сәт маңызды. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек.

Оразада отбасыға көңіл бөлу

Рамазан – мейірім айы. Әрбір адам ең алдымен өз отбасына, балаларына, жақындарына көңіл бөлуі керек. Алла Елшісі бір хадисінде былай деген:

"Балаларыңды көп сүйіңдер. Себебі, сүйген сайын жаннатта бір дәреже беріледі. Әрбір дәреженің ара қашықтығы бес жүз жыл. Періштелер әр сүйгендеріңді санап, жазып отырады".

Ой мен ниетті жақсы жаққа өзгерту

Бір ғұлама "Рамазаншыл болма, Құдайшыл бол" деген екен. Расында, бір жұтым судың қадірін сездірген, шариғаттағы тыйым былай тұрсын, рұқсат етілген істен нәпсіні тежеуді үйреткен оразадан кейін өзімізді өзгертпесек енді ұят.

Оразада қандай істерден аулақ болу керек?

Бос сөз, жалған сөйлеу

Аузы берік адамның жақсы сөздер сөйлеуі, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық танытуы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

"Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаһқа қажет емес. Басқа бір хадисінде:

"Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы болмайды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды", - деген (Ибн Мажә, Сиям).

Өкпе-реніштен, ұрыс-керістен аулақ болу

Рамазанда "Мен – оразамын" деу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

"Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: "Мен – оразамын!" - десін.

Себепсіз қандай да бір тағамның дәмін тату

"Ислам ғылымхалы" кітабында бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін делінген. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, тамақтың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. Дәмін татқан уақытта тамаққа кетпеуі шарт.

Бал немесе май секілді сатып алатын нәрселердің қандай екенін білу үшін дәмін татып көру – мәкрүһ.

Шай ыдысы
Тәттілер салынған ыдыс. Көрнекі сурет: pixabay.com

Дәрет алған кезде ауыз бен мұрынға суды көп пайдалану

Дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көп пайдалану мәкрүһ болып саналады. "Мәкрүһ" сөзінің түп негізгі мағынасы "жек көрінішті" дегенге саяды. Шариғат бойынша "мәкрүһ" сөзі "шариғат орындалуын дұрыс көрмеген амал" деген мағынаны білдіреді.

Ал Рамазанда қатты ыстықтап салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну – Әбу Юсуп бойынша мәкрүһ емес. Өйткені мұндай уақытта адамға жеңілдік туады. Фәтуа осы үкімге берілген.

Ысырап етуден, зиянды әдеттерден аулақ болу

Ысырап – үлкен күнә, әр отбасының берекесін қашыратын жағымсыз пиғыл. Алла Тағала қасиетті Құранның "Әнғам" сүресінің 141-аятында былай деген:

"Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді".

Шариғат адам баласының өзінің пайдасы үшін жаман әдеттерден тыйған. Мұндай істерді істеу адамның дүниесі мен ақыретіне үлкен зиян алып келеді. Алла Тағала қасиетті Құранның "Юнус" сүресі, 44-аятында:

"Алла адамдарға еш зұлымдық (зияндық) қылмайды. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық жасайды", - деп айтқан.

Рамазан – тәрбие айы. Ораза адамның күш-жігерін арттырады әрі сабырлы, ұқыпты болуға баулиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1852754-oraza-kezinde-oryndajtyn-10-amal/