"Жұрттың көзі ашылды": Ерлан Төлеутай "алаяқ фанерщиктерді" қатаң сынға алды
Жарияланған күні:
Ұлттық өнерді дәріптеуші әрі қоғам белсендісі Ерлан Төлеутай фонограммамен ән шырқап, аузын жыбырлататын әртістерді қатаң сынның астына алды. Ол осындай "жұлдыздардың" концертіне баратын жандардың қараңғылығына қайран қалатынын да жасырған жоқ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Бұл туралы өнертанушы Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды.
"Мен осыларды əнші деп дəріптейтін, осылардың концертіне баратын тобырдың қараңғылығына, ашықауыздығына таң қаламын. Бұлар мен үшін қашанда алаяқ фанерщик болатын, бұдан былай да, əманда аферист болып қала бермек", - деп күйінді ол.
Ерлан Төлеутай карантин кезінде лотерея ойнатқан әншілердің әрекетін шектен шыққандық деп бағалап, құқық қорғау органдарынан оларды жазалауды сұрады.
"Мінеки жұртым, фанерщик аферистер 25 жыл бойы аузын жыбырлатып ауадан ақша жасап келеді. Қазір жұрттың көзі ашылды, халық мұндай алаяқтардың "репертуары" тек "ауыз жыбырлатудан" тұратын "концертіне" бармайтын болды.
Сөйтіп фанерщиктер үшін соңғы бір екі жылда "ауа" тарылды. "Ауа" тарылған соң, бұлар қайраңға шығып қалған балықтай жанталасуда.
Ал мынандай эпидемия жағдайында бұлардың лотереяға өтірік қымбат көлік тігіп, лохотрон ойнатуы - тіптен шектен шыққандық!
Бұл соңы болмауы керек! Бұған дейін де, бұдан кейін де лотерея ойнатқан фанерщиктердің барлығы құқық қорғау органдары тарапынан əшкереленіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, заң алдында əділ жазасын алуы тиіс", - деді қоғам белсендісі.
Еске сала кетсек, осыған дейін қазақ эстрадасының жұлдызы Ернар Айдар елімізде енгізілген карантин режимін бұзғаны үшін құрықталды. Өнер иесі бір бөлмеде он екі адаммен жиналып, тікелей эфир кезінде ұтыс өткізген болатын.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1853778-zrtty-kzi-asyldy-erlan-tleutaj-alaak-fanersikterdi-kata-synga-aldy/