Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияда тұратын қазақ жігіті елдегі қазіргі ахуалды баяндады

Опубликовано:

Бүгінде Түркияға саяхаттап, жұмыс бабымен, білім алу мақсатында барушылар көп. Оның ішінде осы ел астанасы - Анкара қаласында тұрып жатқан Мырзахан Байболов та бар. Докторантурада білім алатын жерлесіміз елдегі қазіргі ахуалды баяндады деп жазады KAZ.NUR.KZ "Замана" басылымына сілтеме жасап.

Түркияда тұратын қазақ жігіті елдегі қазіргі ахуалды баяндады
Фото: "Замана" басылымы: Getty Images

Мырзахан Байболов Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Аққұм ауылында туып-өскен. Ол А.Иассауи атындағы қазақ-түрік университетінде білім алған, сонда жастар ұйымының төрағасы болған, тәрбие, ұйымдастыру және жастар саясаты саласында еңбек еткен.

Бүгінде Мырзахан Анкарадағы Қажы Байрам Уәли университетінде журналистика мамандығы бойынша докторантурада білім алуда.

Айтуынша, Түркияда коронавирус жұқтырған алғашқы адам 10 наурызда тіркелді. Ал індет салдарынан болған өлім оқиғасы 18 наурызда белгілі болған.

"Бүгінде коронавирустың беталысы күнделікті жарияланып отыр. Жалпы алғанда, Түркияда қазір індетке қатысты жағдай тұрақталды деуге болады. Вирустан көз жұмған науқастар санында да елеулі дәрежеде төмендеу байқалады. Жансақтау бөліміндегі ем қабылдаушылар мен жасанды тыныс алу аппаратына таңылғандар саны да азайған.
Елде індетпен күрес талаптары жағдай барысына қарай күшейтіліп отырды. Алғашқы кезеңде 65 жастан асқан адамдарға, ал сәуірдің басында 20 жастан кішілерге де көшеге шығуға тыйым салынды. Басқа азаматтар дүйсенбі-жұма аралығындағы күндері көшеге шыға алады. Дүкендер мен маркеттерге кіру және қоғамдық көлікті пайдалану үшін маска тағу міндетті.
Ал маска мұнда ақысыз таратылуда. Ол үшін адамдар электронды үкімет сайтына кіріп, өтінім жолдайды. Сосын телефонына келген смс-код арқылы 5 дана масканы әр аптада дәріханадан тегін алуына болады", - дейді отандасымыз.

Мырзаханның сөзінше, Түркияда үлкен қалаларда карантин режимі жарияланбаған. Дегенмен, соңғы үш аптада сенбі-жексенбі күндері коменданттық сағат енгізіліп, 31 үлкен қаланың азаматтары үйлерінде отыруда.

"Мұндай тәртіп өткен аптада бейсенбіден басталды, бұл аптада жұмадан бастайды. Қалааралық көлік қатынасына шектеу енгізілді.
Наурыз айының соңында Түркия барлық халықаралық ұшақ рейстерін доғарған. Таксилер де күнаралық режимке көшкен. Такси көлігінің нөмірі тақ санмен аяқталса, ол бірінші күні, жұп санмен аяқталса, екінші күні жүретін жүйе енгізілді.
Карантин режимін бұзғандарға айыппұл салынады. Апта соңындағы коменданттық сағат кезінде ережені бұзғандарға салынатын айыппұлдың сомасы жоғары. Карантин талаптарына сай белгіленген ережені бұзған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 392 түрік лирасы мөлшерінде айыппұл салынады. Қазіргі таңда 1 түрік лирасы 62 теңгеге шамалас дәрежеде", - дейді Мырзахан.

Отандасымыздың айтуынша, Түркияда мектеп оқушылары сәуір айының соңына дейін қашықтан оқиды деп ұйғарылған екен, таяуда ол мерзім мамырдың соңына дейін деп ұзартылыпты.

Сондай-ақ, елде коронавирусқа қатысты жұмысы тоқтап қалғандарға, тұрмысы төмен отбасыларға елеулі деңгейде көмектер көрсетілуде.

Ол жақта да алғашында бағаны қолдан қымбаттату жағдайлары болған. Дегенмен, ішкі істер министрлігі қатаң күрес жүргізіп, бағаның қымбаттамауын бақылап жатыр екен. Яғни, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде аса қиындық туындап отырған жоқ.

"Пандемияға байланысты туризм маусымы кейінге шегерілген еді. Түркияда жағдайды тұрақтандырып, коронавирусты толыққанды жеңудің 4 сатылық кезеңі жарияланған. Ол бойынша мамыр айында дайындық кезеңі мен жағдайды бақылау-бағалау жүзеге асады. Маусым айында басталатын екінші кезеңде туризм жанданады деп күтілуде.
Қалааралық жолаушы тасымалы да жолға қойылып, ішкі туризмге жол ашылады. Мамырдың соңында ішкі-сыртқы әуе сапарлары да қалыпқа келтіріле бастайды деген ақпарат тарады.
Ел президенті Ораза айт мерекесінде екі мейрамды қатар атап өтетін қуанышты хабарды жария етті. Яғни сол кезеңде сатылы түрде бұрынғы жағдайға оралу жүзеге аса бастайды. Алғы шарт қадамдар қазірдің өзінде басталды", - дейді Мырзахан.

Айта кетейік, осыған дейін Кипрдегі қазақ қызы елдегі ахуалды баяндаған еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1854313-trkiada-tratyn-kazak-zigiti-eldegi-kazirgi-ahualdy-baandady/

pixel