Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрылыс компаниялары дағдарыс жағдайында баспана бағасын төмендетпек

Опубликовано:

Еліміздің ірі құрылыс компанияларының бірі дағдарыс жағдайында шаршы метрлердің өзіндік құнын төмендетуге дайын. Жаһандық пандемия жағдайынан жығылмай, аман шығу үшін құрылысшылар өз табыстарын қысқартуға әзір. BI Group компаниясы ұйымдастырған құрылысшылар форумында мамандар дабыл қағып, дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын талқылады.

Құрылыс компаниялары дағдарыс жағдайында баспана бағасын төмендетпек
Фото: Руслан Мазунин, BI Group баспасөз қызметі: Twitter

Тоқырау әзірге толыққанды орнаған жоқ, алайда алдын-ала шаралар қабылданбаған күнде құрылыс нарығын құлдыраудан аман алып қалу оңайға соқпайтын түрі бар.

Құрылысшылар алдында баяндама жасаған BI Group компаниясының Басқарма төрағасы Амангелді Омаров ел экономикасының ЖІӨ көрсеткішінде құрылыс саласының үлесі 6,5% құрайтынын айтты. Бүгінде 38 мың компанияда 635 мың адам жұмыс істейді. Өткен жылы құрылыс нарығы 4,4 трлн. теңге айналымға шығып, ел қазынасына 200 млрд. теңге салық түсірді.

Ал енді алып нарыққа қолдау көрсетілмесе, оның әлеуметтік салдары қандай болмақ?

Төтенше жағдай жариялануына байланысты, соңғы екі айда елімізде бірде-бір жаңа нысанның қазығы қағылмады дейді құрылысшылар. Қаржы саласындағы белгісіздік пен тұрақсыздық та баспана саудасын өткен жылғы көрсеткіштерден 40% төмендетіп отыр. Осы қарқын сақталса, 2019 жылы қолданысқа берілген 13,1 млн. шаршы метр баспана көрсеткіші 2021 жылы бірден 9,1 млн. шаршы метрге дейін қысқаруы ықтимал. Ал бұл қысқарудың қаржылай әсері күшті. Шағын бизнес жоспарланған 1,97 трлн теңгеге бағаланған тапсырыстың 1,38 трлн теңге үлесін ғана алады. Демек, 600 млрдтан қағылады. Тапсырыс азайған соң жұмыс күшін де қысқартуға тура келеді. Оңтайландыру 25% орындалған күнде 160 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы бек мүмкін.

Құрылыс компаниялары дағдарыс жағдайында баспана бағасын төмендетпек
Фото: Руслан Мазунин, BI Group баспасөз қызметі: Facebook

Енді не істемек керек?

2 мыңға жуық құрылыс саласында жүрген компания өкілі жиналған онлайн форумда дағдарыстан аман шығудың бірнеше жолы ұсынылды. Бірінші кезекте, ол әрине, құрылыс компанияларына салықтық жеңілдіктер беру арқылы дағдарыстың қысымын бәсеңдету. Алайда бұл жоспарға Үкіметтің келісуі екіталай дейді Амангелді Омаров.

«Біз құрылыс компанияларына тікелей қаржылай қолдау сұрап отырған жоқпыз, ең бастысы - нарықтың тұралап қалмауын қамтамасыз ету керек. Сауда болса, құрылыс нарығы да бұл жағдайдан шыға алады», - дейді маман.

Ал ол үшін мамандар ипотекалық несиелер көлемін арттыруды ұсынады. Осылайша, мемлекет бір шешіммен екі бірдей түйінді тарқата алар еді. Бір жағынан, баспананың қолжетімділігін арттырса, екінші жағынан жанама түрде құрылыс нарығына қолдау көрсетеді. Құрылыс компаниялары құр мемлекетке қарап отырған жоқ.

Мәселен, BI Group холдингі басшы қызметкерлерінің жалақысын 40%, орта және төменгі буын менеджерлерінің табысын 10-25% қысқарту туралы шешім қабылдаған. Қызметтік көлік, корпоративтік іс-шаралардан бас тартып, шығынын кескен. Компанияның құрылысқа IT жетістігін енгізуі де, жұмысты жедел әрі өнімді етіп отыр. BI Partners интернет-алаңы арқылы құжат қозғалысын жеңілдетіп, өткен жылы 557 млрд теңгеге қосымша келісімшарттар жасалыпты.

Құрылыс компаниялары дағдарыс жағдайында баспана бағасын төмендетпек
Фото: Руслан Мазунин, BI Group баспасөз қызметі: Instagram

Алайда бұл шаралар да дағдарысқа төтеп беруге жеткіліксіз. Компания құрылыс қарқынын қысқартпай, жұмыс орындарын қамтамасыз ету арқылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін орындауға дайын. Алайда ол үшін Үкімет тарапынан келесі қадамдар жасалса екен деген ұсыныс айтады.

«7-20-25» бағдарламасына мемлекет 1 трлн. теңге бөлді. Алайда бағдарлама жартылай ғана жұмыс істеп келеді. Неліктен? Өйткені, бағдарлама бойынша құрылысы аяқталған баспананы ғана сатып алуға болады. Біз бұл механизм аясында үлескерлік туралы заңға сәйкес салынып жатқан үйлерді де енгізуді ұсынамыз», - дейді Амангелді Омаров.

Мұндай қадам не береді?

Біріншіден, құрылыстың бастапқы кезеңінде шаршы метрлердің құны дайын үйге қарағанда едәуір төмен. Бұл тұтынушы үшін тиімді. Екінші жағынан, құрылыс қарқыны кемімейді. Яғни, бағанағы 635 мың құрылысшының жұмысы жүріп тұрады деген сөз.

Құрылысшылар «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының шекті көрсеткішін де 25 млн. теңгеден 35 млн. теңгеге дейін арттыруды да ұсынды. Осылайша жеңілдетілген шарттармен алуға болатын үйлердің саны да артпақ. Сан артып, баға түскеннен ешкім де ұтылмайды дейді құрылысшылар.

Құрылыс компаниялары дағдарыс жағдайында баспана бағасын төмендетпек
Фото: Руслан Мазунин, BI Group баспасөз қызметі: Facebook

Соңғы екі айда тұрғын үй нарығы бағаның 12% өсімін көрсеткен. Бұл - нарықтың дағдарыс қаупі алдындағы жауап реакциясы. Өсімге жол бермеу жеткіліксіз, сондықтан құрылысшылар салаға қан жүгірту үшін керісінше бағаларды төмендетуді жоспарлап отыр. Мәселен, олар импорттық қыш тақтайшалар, есік, сантехникалық бұйымдардың орнын отандық өніммен алмастыруға дайын.

BI Group компаниясы ондай өндірушілер табылған күнде өз тарапынан оларды алдын-ала келісімшарттармен қамтамасыз етуге әзір.

Импорттан, яғни кедендік баждан құтылған құрылыс құнын да төмендетуге мүмкіндік алады. Құрылыс саласының өкілдері бүгін өзара табысқа деген тәбетті тыю керек деген шешімге тоқтады. Дағдарыс жағдайында бірінші кезекте табысты емес, тақырға отырып қалмай, барды сақтап қалу маңызды. Ал кімнің қалып, кімнің құрдымға кетуі құрылысшылар ұсынған дағдарысқа қарсы ұсыныстарға, Үкіметтің құлақ асуына байланысты болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1854539-krylys-kompanialary-dagdarys-zagdajynda-baspana-bagasyn-tmendetpek/

pixel