"Мәңгі қарыздармыз": Дана Нұржігіт соғысқа қатысқан аталары туралы жария етті
Жарияланған күні:
Отандық танымал тележүргізуші, сенат депутаты Дана Нұржігіт Ұлы Отан соғысына қатысқан аталары туралы жүрекжарды жазба жариялады. Белгілі журналист барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың адамның қатарында менің Нұржігіт пен Ермахан аталарым да бар еді. Атам Нұржігіттің есімін биыл ҰОС жауынгерлерінің аттары тіркелген сайттан таптым.
Курск маңындағы шайқаста 1943 жылы қаза тапқан деп тұр. Олай емес. Атам 1943 жылы жараланып, бір аяғынан айырылып елге оралған.
Микоян ауылында балықшылықпен айналысып, үш бала сүйіп 1965 жылы дүниеден өткен. Көп арманының бірі:немерем қыз бала болса, есімін Дана қойсам деп кеткен көрінеді.
Ермахан деген нағашы атамның көзін көрдім. Аталған сайтта Урманов деген қазақ - Орман деген үлкен аталарымыздың ұрпағы. Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысының Орденін алғанын қазір білдім.
Ол кезде қазақ жауынгерінің ерлігін дәріптеп, Орденге ұсынып құрмет көрсету өте сирек кездесетін құбылыс еді. Бауыржан атамыздың өзі көзі тірісінде "Геройды" ала алмай кетті ғой.
Ал, Ермахан атам орденді қандай ерлігі үшін алғанын бізге сол күйі айтпай кетті.
Жалпы, қан көрген, соғыс отының жалынын жұтқан батырлар көп сөйлемейді. Атам менің сондай еді. Бастан алған ауыр жарақат, "соғыс синдромы" оның тәнін де, жанын да өмірінің соңғы күніне дейін жегідей жеді.
Атам майданға осы күндері толассыз жаңбырдан көшесі су алып жатқан Ленгірден аттанған.
Халқымыздың апат кезіндегі ұйымшылдығын, бір-біріне деген қамқорлығын көріп, кеше ғана Жеңіс ауылының бүлдіршіні, "ауылымды өзімнен қатты жақсы көремін, Қазақстанымды жақсы көремін" деген сөздерін естіп, аталарымыздың отаншыл рухы тірі екеніне,қазақтың туған жер дегенде өзегін жұлып берер ұлы махаббаты шексіз екеніне тағы бір рет көзім жетті.
Ол рухты тұтқиылдан келген жұмбақ-індет те, нөпір су да, тілсіз от та жеңе алмайды! Аталарымыздың ұрпағына үлгі болған ерлігі мәңгі жадымызда!
- Жақында ғана Мемлекет басшысы ардагерлердің,оның ішінде ҰОС қатысқан ата-әжелерімізді әлеуметтік жағынан қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа заңға қол қойды. Бұл дегеніңіз қарттарын құрметтейтін, қариясына қамқор болар ұрпақтың перзенттік парызын орындау деп білем.
Аталарымыздың жанкешті ерлігі үшін біз оларға мәңгі қарыздармыз.
Ұлы Жеңіс мерекесі баршамызға құтты болсын! Әр отбасына береке, Отанымызға тыныштық тілеймін!", - деп жазды Дана Нұржігіт өз парақшасында.
Сенат депутаты өзінің кішкентай кезінде атасымен түскен суретін де жария еткен.
Желі қолданушылары
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1854960-mgi-karyzdarmyz-dana-nrzigit-sogyska-katyskan-atalary-turaly-zaria-etti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.