RU

"Жалаға төзу мүмкін емес" Тоғыз айдан бері қамауда отырған Әліби өзіне араша болуды сұрайды

Ақтөбеде "Жас балаларды азғындық жолға түсірді"  деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айрылған Әліби Өтепбергенге қатысты апелляциялық сот отырысы тағы да кейінге қалдырылды. Айыпталушы тараптың жаңа қорғаушысы іспен танысуға уақыт сұраған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: instagram.com/alibige_adildik
Фото: instagram.com/alibige_adildik: Depositphotos

23 жастағы студенттің ақталуы не үкімнің өзгеріссіз қалуы 21 мамырда белгілі болмақ.

Ал бауырын 9 айдан бері көрмеген жақындары оның жазықсыз екеніне сенімді.

Нұрбақыт Өтепберген
Нұрбақыт Өтепберген: Original
"Мен Әлібидің ең үлкен әпкесімін. Біз бес ағайындымыз. "Шабыт" университетінің белсенді студенті болған бауырым 8 айға созылған тергеу ісімен 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Біз оған келіспейміз. Бауырым ондай азғындыққа бармайды. Біз біржақты шешім шығарылған деп ойлаймыз. Оны 9 айдан бері көрген жоқпыз.
Әкесі мен ағасына ғана кездесуге рұқсат берілді. Ол шығарылған үкімге ешқандай да келісіп отырған жоқ. Айтатыны: "Мені ақтап алыңдаршы, кінәсізбін, мен мына жақта шыдамаймын. Жалаға төзу мүмкін емес. Мен неге мынаның ішінде отырамын? Мына жақта бір күн де болуға тиісті емеспін" деген сөздер. Біз қолымыздан келгенше араша болғымыз келеді", - дейді сотталушының апасы Нұрбақыт Өтепберген.

Тағы да сот ғимаратының алдына жиналған оның туыстары мен достары Әлібидің ақталып шығатынына үміттенеді.

Сот ғимаратының алдына жиналған оның туыстары мен достары
Сот ғимаратының алдына жиналған оның туыстары мен достары: Original
"Біз үкімге келіспейміз. Негізсіз ауыр баппен жауапқа тартты. Бұл оның арына түскен дақ. Қазақта: "Сөз қуған бәлеге, жол қуған олжаға жолығады" деген сөз бар. Біз бауырымыздың бостандыққа шығатынына сенеміз. Оның атына осыған дейін кір келген емес", - дейді нағашы әпкесі Салтанат Байканова.

Естеріңізге салсақ, "Шабыт" университетінің 23 жастағы студенті Әліби Өтепберген жазғы демалысында Ақтөбедегі балалар лагерінде бар болғаны бес күн жұмыс істеп, қылмыстық жауапқа тартылды.

Ол төрт ата-ананың арызымен "Жас балаларды азғындық жолға түсіру" бабы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспейді. Даулы іске қатысты апелляциялық сот отырысы 21 мамырға шегерілді.

Айта кетейік, бұған дейін бір топ адамның қолдарына Әлібидің суреттері мен әділдік сұрап жазылған плакаттар ұстап, сот ғимаратының алдына жиналғанын хабарлаған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856075-zalaga-tzu-mmkin-emes-togyz-ajdan-beri-kamauda-otyrgan-libi-zine-arasa-boludy-srajdy/