Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балаларым мақтанса екен: Екі қолынан айырылған әншінің хикаясы елді сүйсінтті (фото)

Опубликовано:

Жаңақорғандық Азамат Оразбек бала күнінде трансформатордағы жоғары вольтті ток кесірінен екі қолынан айырылды. Ол жасы үлкен кісіге көмектеспек болып, трансформаторға көтерілген. Дегенмен, екі қолының жоқтығы Азаматтың толыққанды өмір сүруіне еш кедергі емес. Спорттан құрлықтық жарыстарда топ жарған ол бүгінде әншілікке бет бұрып, отбасын құрып, екі баланың әкесі атанып отыр. KAZ.NUR.KZ ерекше тағдың иесінің шағын сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

Фото: instagram.com/azamat.orazbek. Коллаж KAZ.NUR.KZ
Фото: instagram.com/azamat.orazbek. Коллаж KAZ.NUR.KZ: Depositphotos
"Жасым 25-те. Үйдегі үш баланың үлкенімін. Өзімнен кейін соңымнан ерген інім мен қарындасым бар. Ал анам бізді осы күнге жеткізді. Қазіргі таңда өзім де бір отбасының иесімін. Келіншегім Ажармен бірге бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отырмыз. Бұйырса, жақын күндері үшінші сәбиіміз дүниеге келеді.
Алланың әрбір күніне шүкіршілік етіп жүріп жатырмыз. Бала күнімде өмірімді түгелдей өзгерткен осы бір оқиға болды. Үлкен кісіге көмектесемін деп, балалықпен трансформатордағы токқа түсіп қалғам. Екі қолымнан айырылсам да, өмірге деген құштарлығым еш кеміген емес. Сол себепті, бұл тақырыпты қазбалағым келмейді. Спортқа жақынмын, өнерге жақынмын. Отбасым аман. Осының бәрі мен үшін бақыт", - дейді Азамат.

Азамат паралимпиадалық спорт түрлерінен бірнеше рет жеңіске жеткен. Тіпті, Азия чемпионаттарында топ жарған.

"Үстел теннисінен еліміздің алты дүркін чемпионымын, екі рет Азияда алтын жүлдегер атандым. Ал жүзуден Қазақстанның бес дүркін жеңімпазы деген атағым бар. Сонымен қатар, жүзуден Токиода өткен Азия біріншілігінде күміс жүлде алғанмын. Уақыт өте келе, бала күнгі арманымды орындап, өнерге бет бұрдым.
Ән айтамын, тойларға шығып тұрамын. Жалпы, мен мұны қиындық деп қабылдамаймын. Ешқашан мойыған емеспін. Алланың кішкентай ғана сынағы деп білемін. Қолымның жоқтығы әрі қарай өмір сүруіме, отбасын құрып, өмірден өз орнымды табуыма еш кедергі болған жоқ", - дейді ол.

Азамат жұбайы Ажармен бір жылдай араласып, кейін отбасын құрған.

"Біз ортақ достарымыз арқылы таныстық. Уақыт өте келе, бір-бірімізді ұнатып, шаңырақ көтеру туралы шешім қабылдадық. Бүгінде екі баламыз өсіп келеді. Менің басты арманым- балаларым мақтанатын, арқа сүйейтін әке болу. Балаларым әкесімен мақтанып жүрсе, мен үшін сол бақыт. Бүгінде отбасым барлық бастамама қолдау білдіріп, демек көрсетіп келеді. Сол үшін шүкірлік етемін", - дейді Азамат.

Оның айтуынша, қиындыққа мойымауының басты себептерінің бірі – анасының қолдауы.

"Анам үнемі маған сенетін. "Сен бәрін жеңесің, бәрі қалпына келеді" деп үнемі жігерлендіріп отырды. Ауыр кезеңнен тез өтіп, тезірек бейімделуіме басты себепкер – анам. Содан соң, спортқа, өнерге қызығушылығым алға сүйреді. Мен тып-тыныш, мүгедектігімді сылтау етіп үйде отыра алмаймын. Мен бір рет берілген өмірді мәнді әрі сәнді қылып сүргім келеді. Отбасым мен балаларым үшін тек алға басамын", - дейді Азамат Оразбек.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856361-balalarym-maktansa-eken-eki-kolynan-ajyrylgan-nsini-hikaasy-eldi-sjsintti/

pixel