"Жақсы еді": Бейсен Құранбекке жыр шумағын арнаған Қалқаман Сарин жұртты жылатты
Жарияланған күні:
Кеше, 18 мамырда белгілі тележүргізуші, "Жетісу" телеарнасының директоры, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бейсен Құранбек өмірден өтті. Қазақ журналистикасында өшпес із қалдырған тұлғаның қазасына бүкіл ел қайғырып жатыр. Олардың арасында ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин де бар. Ол өзінің іштегі шерін жыр жолдары арқылы білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.
Өскемен қаласы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы поезиялық туындысын Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, Жалғанның неге осылай тынбақ соңы? Бәріне жанашыр боп жүрмекші еді, Әлі де Алашым! - деп тұрмақшы еді.
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, Жанымның басылар ма құрғақ шөлі? Бұйыртып ғазиз-ғұмыр, ғашық-тағдыр Бұл өмір тұр ма тағы бұлдап соны?
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, "Бармысың, батырым" деп, тіл қатса, өңі жып-жылы шуақ шашқан күндей болып, тұратын жан нұрымен жырғап сені.
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, Тірліктің тағы алмасып тұр бақ-соры. Көңілдің қайғысына дауа болып, Көзімнің жасын біреу құрғатса еді.
Жақсы еді, Жақсы еді ғой, шын жақсы еді, Жалғанның шешілмеді-ау жұмбақ-шері. Жақсы адам! - деген жалғыз сөзде оның, Бар атақ, абыройы, құрмет, шені!
Өлең жолдарын оқып шыққан оқырмандар көз жастарына ерік бергендерін жеткізген.
"Жүрегіміз қақ айырылып отыр... Екі көзімізге күшім жетпей", "Өте әсерлі. Бейсен Құранбек - халықтың адам еді", Алла разы болсын, керемет арнау. Бір туар азамат еді. Жаны жәннәтық болсын. Өте ауыр екен, қимайсың, жақсы адам еді. Өкінішті", - деді олар.
Еске сала кетсек, осыған дейін ақын, "Төлеген Айбергенов" атындағы сыйлықтың иегері Ұларбек Дәлейұлы марқұм Бейсен Құранбекке жыр жолдарын арнаған.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856475-zaksy-edi-bejsen-kranbekke-zyr-sumagyn-arnagan-kalkaman-sarin-zrtty-zylatty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.