Елордада блок бекеттен өтіп бара жатқан көлік салонынан тапанша табылды
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтанда "Қару" алдын алу шарасы кезінде көліктен тапанша табылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
22 мамыр сағат 03:51 кезінде "Тойота Камри" көлігін тексеру барысында салоннан тапанша табылған. Ол – Жапонияда зауыттан шыққан газбаллонды тапанша. Атыс және газ қаруы түрлеріне жатпайды. Көлік жүргізушісі тапаншаны қайдан алғанын, не себепті қару алып жүргенін түсіндіре алмады.
Аталған дерек бойынша тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ полиция қызметкерлері аңшы қаруын қолдан жасау фактісін әшкереледі. Қала тұрғынының үйінен шолақ мылтық табылған. Оның иесі қару-жарақтың құрылымына өзгеріс енгізіп, оның ұңғысын қысқартқан. Мылтық атуға жарайды.
Бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 288-бабы бойынша іс қозғалған. Сондай-ақ, "Заречный" алабында тапаншаға ұқсас нәрсе алып жүрген 30 жастағы тұрғын ұсталды.
Алынған зат АҚШ-та шыққан "ПМ" моделінің газбаллонды тапаншасы болып шықты. Қазір қылмыстық кодекстің 287-бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.
Елорда полицейлері "Қару" жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысын да шығарды. Операция кезінде 2 мыңнан астам қару иесі тексерілген. 6 қару және 10 оқ-дәрі алынды.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан билігі алдағы күндері қаладағы карантин режимін жеңілдетуді жоспарлап отырған жоқ. Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес бойынша жиын өткізді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857155-elordada-blok-beketten-tip-bara-zatkan-klik-salonynan-tapansa-tabyldy/