Алматы блок-бетіндегі апат: Қайтыс болған полицейлердің бірі ұлының дүниеге келуін күтіп жүрген
Жарияланған күні:
Бүгін, 25 мамырда таңғы уақытта Алматының №4 бақылау-өткізу бекетіндегі жол апатынан қайтыс болған полицейлерге қатысты жаңа мәлімет шықты. Олардың бірі үшінші баласының дүниеге келуін күтіп жүрсе, бірі енді ғана ұлын қырқынан шығарған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
КТК арнасының хабарлауынша, рота командирінің орынбасары Қуаныш Кәрібаевтың сөзінше, қаза болған полицейлердің бірі-марқұм аға лейтенант Жарас Жанғазиев жақында ұлының дүниеге келуін кұтіп жүрген екен.
"Әйелінің үшінші баласына аяғы ауыр, ұл күтіп отырған, 6 айлық ішінде нәрестесі бар. "Екі қызым бар, құдайға шүкір, енді құдай бұйырса, ұлым болады" деп қуанып, демалысқа шықсам қалай болады деп сұраған (...)", - еді дейді Қуаныш Кәрібаев.
Ал, марқұм Дастан Әбдіқанов тұңғышы кеше ғана қырқынан шыққан деп хабарлайды Астана арнасы.
Оның қайғыдан көкірегі қарс айрылған жақындары кінәлі тиісті жазасын алсын дейді
"Тиісті жазасын алу керек қой, ол қызметте тұрған адамдарды аямаған адам, халыққа не істейді ол. Баламыз жақында ғана балалы боп, қырқынан шығарып қуанышқа бөленіп отыр едік мінекей. Қайғыға әкеліп соқтырды да кетті. Жазасын алсын кінәлі адам", - дейді Дастан Әбдіқановтың жине ағасы Камал Ұлдаханов.
Сонымен қатар полиция департаменті апат салдарынан тағы бір қызметкерлерінің зардап шеккенін мәлім етті. Ауыр соққыдан Ербұлан Сейдазым есімді азаматтың басына зақым келген. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Сондай-ақ, құзырлы орган кінәлі көлік жүргізушісінің ішімдік ішкенін растап отыр. Оның жеке басы да анықталған. Ол 28 жастағы Алатау ауданының тұрғыны болып шықты. Егер кінәсі дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Аталмыш дерек, Қылмыстық кодекстің 345-ші бабының 4-тармағы бойынша тергеліп жатыр. Қазіргі таңда кінәлі жүргізуші қамауға алынып, ол міндетті түрде істеген қылмысы үшін заң алдында жауап береді. Оның мас күйінде тізгенге отырғаны бұл ауырлататын мән-жай. Сондықтан сот өз шешімін шығарған кезде бұл жайтты ескере отырып жаза мөлшерін едәуір көптеу береді", - дейді Алматы қалалық Полиция дептарментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған еді.
BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.
Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Ведомство күдіктінің мас күйде болуы мүмкін екенін атап өткен болатын. Ол қамауға алынған.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857411-almaty-blok-betindegi-apat-kajtys-bolgan-policejlerdi-biri-lyny-dniege-keluin-ktip-zrgen/