"Сергек" істен шыққан: Екі полицейдің өмірін қиған апат жайлы тың дерек пайда болды
Жарияланған күні:
Алматы қаласында екі полицейдің өліміне себепкер болған жол апаты жайлы тың дерек шықты. Атап айтқанда, екі айға қамалған күдіктінің ісі "жол апаты кезіндегі кісі өлімінен" "қасақана кісі өлтіру" бабына өзгерген және қанды оқиға орын алған күні "Сергек" камералары істен шыққан деп жазады KAZ.NUR.KZ 31 арнаға сілтеме жасап.
Оңтүстік астанадағы жұмбағы сейілмеген қанды оқиға жайлы ақпарат легі әлі толастар емес. Қос тәртіп сақшысының өмірін жалмаған жол апаты расында қоғамды дүр сілкіндіріп, талайдың көңіліне қаяу түсірді.
Блок-бекеттегі апаттың ақ-қарасын ашуға "Сергек" камераларының көмегі тиер еді. Дегенмен, полиция департаменті дәл сол күні құқықбұзушылықты тіркейтін камералар істемей қалды деп ақталып отыр.
31 арна тілшісінің айтуынша, қазір блок-бекет қалыпты жұмысқа көшкен. Алайда, жол-көлік оқиғасынан соң үш күннен кейін "Сергекке" қызмет көрсететін компания өкілдері келіп, камераларды тексерген.
"Көркемтелеком" өкілдеріміз деген екі адам бағанаға шығып, қатты дискіге ұқсас затты қалтасына салып, басқасын жәшік ішіне орнатыпты. Олар "камера істемей қалуы мүмкін, бұл да техника ғой" деп жауап берген.
Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін қиған жол апаты 25 мамыр таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған.
BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан болатын. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.
Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі, полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857785-sergek-isten-sykkan-almatydagy-zantrsigerlik-apat-zajly-ty-derek-sykty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.