RU

100-ге жуық әскери вирус жұқтырды: Сапарбаев өзі басқаратын өңірдегі ахуалды айтты

Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы шараны қамтамасыз ету мақсатында 12 штаб, 51 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

100-ге жуық әскери вирус жұқтырды: Сапарбаев өзі басқаратын өңірдегі ахуалды айтты
Бердібек Сапарбаев. Фото: NUR.KZ: Depositphotos

Аймақ басшысы онлайн форматтағы брифингте президенттің коронавирусқа қарсы іс-қимыл және дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысына жан-жақты тоқталды.

27 мамырдағы жағдай бойынша облыста коронавирустың 358 жағдайы тіркелген. Барлық анықталған оқиғалардың 30-ы аймаққа сырттан келсе, 99-ы әскери, 22-сі медицина саласының, 7-еуі полиция қызметкері.

  • Сондай-ақ, емделіп шыққандардың саны 173-ке жетіпті. Алайда бір адам қайтыс болған, ол Павлодар облысының тұрғыны екен.

Облыста 7 зертхана жұмыс жасап жатыр. Онда барлығы 23 753 адам тестілеуден өткен.

«Қазіргі таңда жұқпалы ауруханада 132 адам жатыр. Барлығының жағдайы орташа. Дәрігерлердің бақылауына алынған. Үй карантинінде 1 580 адам оқшауланған.

Жалпы осы ауруға шалдыққандарды емдеу үшін өңірде 1 424 орын дайындалып, оған қосымша 80 провизорлық орны ашылды. Осы жұмыстарды сапалы жүзеге асыру үшін 867 медицина қызметкерлері тартылған.

Медицина қызметкерлеріне арналып алты қонақүй дайындалды. Қазір онда 246 медицина саласы қызметкерлері уақытша тұрып жатыр», – деді Сапарбаев.

Айта кетерлігі, осы медицина және полиция қызметкерлерін, әскерилерді тиісті құрал-жабдықпен, регистрлермен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге қаржы бөлінген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2,5 мың медицина қызметкеріне 400 миллион теңгеден астам жәрдемақы төленген.

Сондай-ақ, облыс әкімі бүгінде тексеруді жеделдету үшін 7 зертхана жұмыс істейтінін айтты. Халықтың сұранысын тезірек орындау үшін, сұрақтарына жауап беру үшін арнайы 109 жәрдем штабы құрылған.

Бүгінгі күнге дейін штабқа 24 мыңға жуық сұрақ түсіпті. Осыған дейін өңірде 44 блок-пост жұмыс істеген. Жеңілдету шараларына сәйкес бүгінде олардың 25-і ғана қалған.

Сол блок-постарға 222 адам, 60-қа жуық техника тартылған. Олар бекітілген алгоритмге сәйкес жұмысты жалғастырып келеді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857802-100-ge-zuyk-skeri-virus-zktyrdy-saparbaev-zi-baskaratyn-irdegi-ahualdy-ajtty/