Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Америкалықтар асырап алған қыз Қазақстандағы ата-анасын іздеуде (видео)

Жарияланған күні:

Азия Бергерді 2001 жылы америкалық отбасы асырап алған. Қазақстанның Семей қаласында туған бойжеткен биологиялық ата-анасын тапқысы келеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Кадр видеодан алынды
Кадр видеодан алынды: Facebook

Ол Қазақстандағы ата-анасын іздеп жүргенін Facebook қолданушысы Талғат Аламановқа берген сұхбатында айтты.

Қыздың сөзіне қарағанда, оның биологиялық ата-анасының есімдері – Құралай және Қуат Ашқановтар. 2000 жылы туған Азияны 2001 жылы америкалық отбасы асырап алған екен.

"Аты-жөнім – Asia Berger. Бұл есімді Америкадағы ата-анам қойған. Шын есімім – Салтанат Ашқанова. Мені Қазақстанның Семей қаласынан 16 айлық кезімде асырап алған. Өзімнің биологиялық ата-анамды табамын деп шешім қабылдадым. Тегім – Бергер, бірақ біз неміс емеспіз. Әкемнің ата-бабасы, туыстарының неміске қатысы болуы мүмкін", – дейді бойжеткен сұхбатында.

Азия Флоридада тұрады, отбасында екі бауыры бар. Колледжде өнер саласында оқиды.

"Мен Флоридада Диснейлендтен бес минуттық жерде тұрамын. Ол жерге бала кезімде баратынмын. Лекси, Ари деген бір әпкем, бір сіңлім бар. Үйде ортаншы баламын. Колледжде өнер саласында оқимын. Біз бір-бірімізбен өте жақын араласамыз, бірге қыдырамыз", – дейді ол.

Қыздың америкалық ата-анасы оны асырап алғанын жасырмапты.

"Мені асырап алғанын сұрастырып білген жоқпын. Оны бұрыннан білетінмін. Әкем Нью-Йоркте Бруклинде туып өскен. Анам Орталық-батыста туған. Анамның шашы сары, көздері көк. Сырт келбетімізде айырмашылықтар байқалатын. Ата-анам мені асырап алғаны жайлы жасырған емес", – дейді ол.

Азия сұхбат барысында үйінде Қазақстан жайлы кітаптар көп екенін жеткізді.

"Барлық жағынан ашық сөйлесе білеміз. Әкем туған жерін білуді маңызды деп санайды. Әсіресе, үйімізде Қазақстан жайлы кітап көп. Қай жерден екенімді біле бермеймін, алайда ата-анамның маған көмек көрсетіп жатқаны үшін ризамын.
Қазақстан жайлы ешқашан жаман пікірде болған емеспін. Себебі туған ата-анамның өз қиындығы болған шығар. Одан бөлек асырап алынған барлық баланың атынан да сөйлей алмаймын, әр адамның өз қиындығы, өмір тәжірибесі бар. Сол туралы ойлаған кезде туған ата-анама деген өкпе-реніш те, сағыныш та жоқ", – дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін америкалықтар асырап алған қазақ баласының Өскемендегі ағасын тапқаны жайлы жазғанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857949-amerikalyktar-asyrap-algan-kyz-kazakstandagy-ata-anasyn-izdeude-video/