"Дәлелдеуге дайынмын": Ерден Қажыбек Ғылым комитетінің төрағасына хат жазды
Жарияланған күні:
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтын басқарған филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиеваға хат жолдап, өз уәжін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Осыдан бір апта бұрын ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты (бұдан әрі – Институт) директорының бос лауазымына жарияланған конкурсқа сәйкес Конкурстық комиссия жиналысы өтті. Басқа үміткерлермен бірге мен де осы байқауға қатысқанымды жақсы білесіз.
Өткен аптада Сіз мені Білім және ғылым министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік) шақырдыңыз. Кездесу барысында мекеменің жетекшісі ретінде әрі ғылыми қызметіме қатысты ешқандай ескертпеңіздің жоқтығын айтып, Институт ұжымының атқарып жатқан жұмысына айрықша ризашылығыңызды білдірдіңіз.
Ашық әңгімелесу соңында менің "зейнет жасына жеткеніме байланысты Конкурстық комиссияның шешімі негізінде Институт тізгінін енді жастарға берген жөн" – деп түйіндедіңіз. Оған Сіз де, мен де куәмін.
Сізбен кездесуден кейін жаңашыл бастамаларымен қалың жұртшылықтың құрметіне бөленіп жүрген, өзім де ерекше сыйлайтын ҚР Білім және ғылым министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлымен және талапты, жауапкершілігі мол жаңа басшылардың бірі – ҚР БҒМ Вице-министрі Дәуленов Мирас Мұхтарұлымен арнайы жолықтым.
Олар да мен жетекшілік еткен мекеменің осыған дейінгі ғылыми-зерттеу, ұйымдастыру-үйлестіру бағытындағы жұмыстарының нәтижесіне оң бағасын берді, тек жаңа талапқа сәйкес, зейнет жасына жеткен үміткерлерді әкімшілік-басшылық қызметке тағайындамау жөніндегі шешімге сүйенгенін жеткізді.
Әрине, бұл – игі ұстанымға негізделген дұрыс шешім, жаңашыл жастарға жол беру, қолдау көрсету, басқасын былай қойғанда, азаматтық парызымыз.
Алматыға келген соң, барлық қызметкердің қатысуымен "ZOOM" платформасында Институттың жалпы жиналысын өткіздік. Онлайн жиында жаңадан Институт директоры болып сайланған ғалымның еңбек жолы мен ғылыми қызметі жөнінде оң пікірімді білдірдім, ал өзім "Түркология және алтайтану" бөлімінің меңгерушісі ретінде көп жылдан бері зерттеп келе жатқан ғылыми жұмыстарымды әрі қарай жалғастыратынымды мәлімдедім.
Көңілі толқыған Институт қызметкерлері себебін сұрады, жылы лебіздерін білдірді (толығырақ мәліметті Институттың ресми Ютуб арнасында сақталған бейнежазбадан көруге болады: https://youtu.be/4T9Gmjp0zt0 ).
Ең бастысы, Институт және Институт дирекциясының жұмысы 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев және мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев, Үкіметтік жауапты ұйымдар және өкілетті мемлекеттік органдар, шетелдік ғылыми орта және отандық әріптестік қауымдастық тарапынан жоғары бағасын алған.
Өткен жылы Институт республика бойынша "Ұлттық ғылыми кеңестің" ғылыми нәтижелерінің рейтингісі бойынша қоғамдық ғылымдар саласындағы ҒЗИ және ЖОО арасында ең жоғары ұпайға (балл ГНТЭ) ие болды.
Құрметті Жанна Дулатқызы, айтайын дегенім бұл емес. 2020 жылдың 29 мамырында Өзіңіз басқарып отырған Ғылым комитетінің Персонал басқару қызметінің жетекшісі маған қоңырау шалып, Институттың директорлық лауазымынан өз еркіммен кетуім жөнінде Сіздің атыңызға өтініш жазуымды өтінгені осы баяндау хатты жазуға түрткі болып отыр. "Бұл тосын ұсыныс қой, ойланып көрейін", – деген сөзіме: *"Жоқ! Бүгін, қазір жазып жолдауыңыз керек. Әйтпесе, біз сізді комиссия шешімі бойынша орныңыздан босатуға мәжбүр боламыз", – деген жауап алдым.
Мені толғандырған да осы жауап еді. Сізге осы баяндау хатты жолдай отырып, өзімді мазалаған сұрақтардың жауабын білгім келеді:
Біріншіден, Өзіңіз және Министрлік басшылығы айтқан уәжді комиссия шешіміне жазуға қандай мәселе, не кедергі болып отыр? Мен ол шешіммен келіскенімді жасырған жоқпын және жастарды қолдау керек екенін әрдайым айтып та, жазып та, дәлелдеп те жүрмін.
Екіншіден, егер менің біліктілігіме, атқарған жұмысыма немесе кәсіби дайындығыма байланысты шешім қабылданып жатса (сыни тұрғыда), мен онымен ешқашан келіспейтінімді ресми түрде мәлімдеймін.
Жұмысымның айқын дәлелі – Институттың бүгінгі (кешегімен салыстырсақ, біршама жетістікке жетті) жағдайы. Оны елемеу менің ғана емес, бір адамдай жұмыс істеп, нәтижелі еңбек етіп отырған мемлекеттік тіл ғылымының қара шаңырағы – Институт ұжымының абыройы мен намысына нұқсан келтіру деп есептеймін.
Сондықтан бұл мәселе бойынша түрлі деңгейдегі жауапты мекемелерге стратегиялық жоспарларды, бағдарламаларды, нақты нәтижелер мен деректерді, басқа да қажетті ақпаратты көрсетіп, дәлелдеуге дайынмын.
Ал өзіме тоқталсам, соңғы келісімшарт негізіндегі есептік мерзім ішінде 230-дан астам еңбек жазыппын (монография, сөздік, ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала, масс-медиада сұхбат, және т.б.), оның ішінде 70-ке жуығы ғылыми басылымдарда жарық көрсе, 20-дай ғылыми еңбек АҚШ, Франция, Польша, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Чувашия, Татарстан, Якутия, т.б. алыс-жақын шетелде жарияланды. Материалдарды қосымша тіркеп отырмын.
Баяндау хатта айтайын дегенім осы еді, Сіздің жауабыңызды асыға күтемін. Өзіңізді сөзі мен ісі үйлесім тапқан әділетті әрі тәжірибелі мемлекеттік басшы-қызметкер ретінде жақсы танитын және шын көңілімен сыйлайтын әріптесіңіз, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Ерден Қажыбек", - делінген хатта.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858336-dleldeuge-dajynmyn-erden-kazybek-gylym-komitetini-tragasyna-hat-zazdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.