ҰБТ кезінде түлектің тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі жойылады
Опубликовано:
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бейнежазбаны қарау кезінде түлектің тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі жойылатынын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы министр үкімет отырысында айтты.
"Бейнежазбаны қарау кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда ҰБТ нәтижесі, сонымен қатар білім беру гранты жойылады", - деді ол.
Аймағамбетовтың айтуынша, осы жылы тест тапсырушыларға қарапайым калькулятор беріледі және тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа дейін ұзартылған.
Ол талапкерлерге тестілеуге дайындалу үшін түрлі жағдайлар жасалғанын жасырмады.
"Талапкерлер ҰБТ-ға жақсы дайындалуы үшін біз оларға ақысыз орталықтың сайтында 70 нұсқа тесттерін алдын ала берген болатынбыз. Түлектер емін-еркін осы сынама тестілерді тапсыру мүмкіндігіне ие болды және тапсырды деп айта аламыз", - дейді министр.
Аймағамбетовтың сөзінше, биылғы түлектер мектепте тапсыратын қорытынды емтихандардан мамыр айының соңында босатылған.
"Осы шаралардың барлығы түлектер үшін үлкен қолдау екені сөзсіз", - деді Аймағамбетов.
Еске сала кетсек, осыған дейін ҰБТ аяқталғаннан кейін тестілеу кезіндегі видеоматериалдар біраз уақыт бойы тексеруден өткізіліп, көшірумен айналысқан түлектердің жинаған ұпайы жойылатынын хабарланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858484-bt-kezinde-tlekti-tyjym-salyngan-zatty-pajdalangany-anyktalsa-bt-ntizesi-zojylady/