Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде зауыттағы оқиғадан кейін жалғыз ұлынан айырылған ана жанайқайын жеткізді

Жарияланған күні:

Ақтөбе хром қоспалары зауыты №4 цехында буға күйіп қалған Евгений Корневтің отбасы қайғыдан қан жұтып отыр. Бір ұл, бір қыз өсірген ана жалғызын жалмаған өлімге кінәлілердің сот алдында жауап бергенін қалайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Марқұм Евгений Корнев және көрнекі фото: polisia.kz
Марқұм Евгений Корнев және көрнекі фото: polisia.kz: UGC
"Мән-жайды білген сайын, денем түршігеді. Үміт артқан азаматым еді. Денесін әкелгенде оған қараудың өзі мүмкін емес болды. Бетіне дейін жап-жасыл болып кеткен. Сол күні зауытта бірдеңе болғанын естіп, бірден ұлыма хабарластым. Телефоны сөніп тұрды. Кейін сонда жұмыс істейтін құрбым үйге келе жатқанын айтты. Жүрегім мұздады.
Жағдайды естісем де, сене алмадым. Қаншама адам қыршын кетті. Сол кезде техникалық қауіпсіздікке жауапты мамандар қайда болған? Алты адам бөшкеге кіріп кеткенде ешкім бақыламай ма? Түсініксіз жағдай көп. Ол бөшкені неге кезекшіліктегі адамдар тазалау керек? Тазалау бригадасы қайда? Сүзгілеу аппаратының маманы (аппаратчик фильтрации) қызметіндегі менің ұлым сол жерді тазалауға міндетті ме еді?!", - дейді Завринай Корнева.

Орда бұзар отыз жастағы Евгений Корнев отбасын да құрмаған. Зауытта он жылға жуық еңбек еткен. Марқұмның төленбей қалған 1 миллион теңгеден аса несиесі бар.

"Қазір зауыттағы жағдайға кінәлі деп қамауға алынған басшылардың әйелдері үйіме келіп, жауап алғанда "талабым жоқ" деп айтуымды сұрап жүр. Цех басшысының әйелі тіпті қол қойып беруімді сұрады. Мен бірде-бір құжатқа қол қоюдан бас тарттым. Басшы болып креслоға отырды ма, жауап беру керек. Неге олар сол жерде болмады?
Ол немқұрайлы қарайтын жер емес. Адам өмірі әр күн сайын қыл үстінде болады. Сол үшін де қамауға алынғандардың туыстарынан үйіме келмеуін сұрадым. Бәрін заңды түрде сот шешсін. Қанша жылға қамауға алса да түбінде шығады. Ал менің жалғыз ұлым мәңгі келмеске кетті", - дейді анасы.

Естеріңізге салсақ, 28 мамыр күні Ақтөбе хром қоспалары зауытының №4 цехында тіркелген қайғылы жағдайдан төрт адам оқиға орнында қаза болып, екі адам жансақтау бөліміне түскен болатын.

Кеше ауруханаға жеткізілген тағы бір жұмысшының көз жұмғаны хабарланды.

Бұл жайтқа күдікті ретінде ҚР ҚІЖК 128-бабымен учаске шебері, бөлім бастығы және №4 цех басшысы қамауға алынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858792-aktbede-zauyttagy-okigadan-kejin-zalgyz-lynan-ajyrylgan-ana-zanajkajyn-zetkizdi/