RU

Біртанов: Кей өңірлерде карантинді жеңілдету коронавируспен ауырғандар санының көбейуіне себеп болды

Бүгін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz: UGC

Отырыс барысында еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай, халықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, шетелдегі Қазақстан азаматтарын елге қайтаруды ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелер қаралған.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз баяндамасында кейбір өңірлерде карантин шараларын жеңілдету коронавируспен ауырғандар санының көбейуіне себеп болғанын атап өтті.

Осыған орай, премьер-министрдің орынбасары Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары әкімдіктеріне өңір бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді, оның ішінде шектеу шараларын күшейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

"Өңір әкімдіктері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Талаптарды орындамаған бизнес субъектілерінің қызметін анықталған кемшіліктерді орнына келтіргенше уақытша тоқтату қажет. Бұл шаралар азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды", — деді Тоғжанов.

Отырыс қорытындысы бойынша үкімет басшысының орынбасары бірнеше нақты тапсырмалар берген.

Еске сала кетсек, соңғы дерек бойынша, елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 12 мыңнан асты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858822-birtanov-karantindi-zeildetu-irlerde-koronaviruspen-auyrgandar-sanyny-kbejuine-sebep-boldy/