Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аллергиядан түбегейлі қалай айығуға болады

Опубликовано:

Жылдың белгілі бір мезгілінде кей адамның мазасы қашып, тыныштығы бұзылады. Олар, әдетте, тұншығып, түшкіріп, көзінен жас, ал мұрнынан су тоқтамай әбден әбігерге түседі. Әңгіме маусымдық аллергия жайлы. Мамандардың айтуынша, қазір аталған аурудан түбегейлі айығуға болады. Қалай? Бұл сұраққа 26 жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты аллерголог, иммунолог Қайрат Қиықбаев жауап береді.

Аллергиядан түбегейлі айығуға болады

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанар Жайнақованың аллергиямен алысып жүргеніне 6 жылдан асқан. Жыл сайын өсімдік гүлдегенде Жанардың көзі жасаурап, мұрнынан су тоқтамайды мазасы қашады.

"Биыл жағдайым, тіпті, қиын. Коронавирус инфекциясынан әбден секемденіп қалған жұрт, түшкірсем болды, шошып қарайды. Ал аллергияға қарсы препараттар көзімді құрғатып жібереді. Оны тамызбасаң, тағы болмайды. Дәрілердің құрамында адамды маужыратып, ұйқыға тартатын зат бар, препараттарды да кез келген уақытта іше алмаймын. Сондықтан көбіне мұрныма спрей сеуіп амалдаймын",- дейді Жанар.

Жанар дәрігерлердің кеңесімен аллергодиагностикадан өтіп, жусан мен аққайыңнан аллергиясы барын анықтаған. Дәрігерлердің айтуынша, жалпы, Қазақстан халқының төрттен бір бөлігінде аллергия бар, ал сол науқастардың 75 пайызы жусаннан зардап шегеді.

"26 жасымда аяқ асты аллергия пайда болды. Ол кезде Алматы қаласының тұрғыны едім, сосын Нұр-Сұлтанға көшіп келдім. Бірақ, аллергиядан арылмадым. Анализдер тапсырып, ауру жусаннан екенін білдім. Дәрігер жусаны жоқ жерге көшіп кетіңіз деді. Өзім де шетелге оқуға түсуді жоспарлап жүргенмін. АҚШ-қа қоныс аудардым. Екі жыл болды аллергия дегенді ұмыттым",- дейді Ұлжан Шегебаева.

Дәрігерлер маусымдық аллергия кезінде уақытша қоныс аударуға кеңес береді. Алайда, науқастың барлығы бірдей үй-жайы мен жұмысын тастап, өзге өңірге немесе шекара асып көшіп кете алмайды. Сонда не істеу керек?

26 жылдық тәжірибесі бар аллерголог Қайрат Қиықбаев аллергиясы бар адамдарды күзден бастап қамдануға шақырады.

Аллергияның негізгі емі – аллерговакцинация. Екпе жыл сайын қарашада салынады, яғни, науқастар күзде дәрігерге келіп вакцина қабылдайды. Біз алдымен пациенттен анализ аламыз, сөйтіп, нақты қай шөпке аллергиясы барын, жалпы қоздырғышты анықтаймыз. Содан кекейін ғана аллерговакцина жасаймыз. 2-3 жыл қатарынан екпе салдырса, пациент аллергиядан түбегейлі айығып кетуі де мүмкін, - дейді дәрігер.

Вакцинациядан кейін ағзаның сырттан төнген қатерге қарсы тұру қабілеті күшейеді, иммунитет көтеріледі де аллергия қайталанбайды екен. Аллергиядан арылудың екінші жолы – ағзаға, адамның терісіне кері әсер еткен затпен байланысты үзу керек. Сонымен қатар, мұндай науқастар міндетті түрде антигистаминді препараттар қабыладайды.

Аллергияның түрлеріне тоқталсақ: дәрі-дәрмектен, азық-түліктен, өсімдіктер гүлдегенде өршитін немесе респираторлық аллергия болады. Ауруды басатын препараттар, спрей, май да бар. Мұның бәрі пациенттің жағдайын уақытша жеңілдететінін ескерген жөн.

Қайрат Қиықбаев, аллерголог: «Аллергияны қан арқылы анықтауға болады, теріге де сынама жасаймыз. Айта кету керек, аллергияның түрін табу үшін тапсырылатын анализдер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ақысыз. Егер науқас жүйеде сақтандырылған болса, тұрғылықты жері бойынша емханада тегін тексеріледі».

1 шілдеге дейін ел азаматтары МӘМС қорына ақша аударған-аудармағанына қарамастан жаппай «сақтандырылған» деп есептеледі.

Тағы бір маңызды мәселе – аллергияның белгілерін инфекциялық аурулардан ажырата білген абзал. Инфекциялық сырқат көбіне суық мезгілде байқалады да, ал аллергияның симптомдары күн жылығанда өршиді. Жұқпалы ауру кезінде дененің қызуы көтеріледі, аллергияда температура қалыпты болады.

Ал аллергия тұқым қуалай ма? Дәрігердің айтуынша, бұл ауру ата-анадан балаға беріледі.

"Адам аллергиямен туады. Егер ата-анаңызда аллергия болса, балаға берілу қауіпі 80-90 пайыз, егер әкеңізде не шешеңіздің біреуінде ғана аллергия болса, онда балаға берілу қауіпі 50 пайыз. Аллергия жүре де пайда болады, ағзаға зиянды заттардың әсері шектен асқанда аллергия белең алады", - дейді аллерголог.

Сондай-ақ, аллерголог маусымды аллергияға шалдыққан науқастарға мынадай кеңес береді.

Пациент сыртқа шықпағаны дұрыс, үйдегі терезелерді жауып, бөлмелерді сулы шүберекпен жиі сүртіңіз, ауа ылғал болсын. Сонымен қатар, елімізде есекжем де көп кездеседі. Бұл ауру көбіне азық-түліктен пайда болатындықтан, қатаң диета сақтау қажет: бал, түрлі шырындар, тауық етін, балық, көкөніс, жеміс-жидекті ас мәзірінен алып тастаңыз. Сиырдың, жылқының етін, сорпалар, сары май, картоп, күріш, сүт өнімдерін жеуге рұқсат. Шәй ішіңіз, ашытқысыз ақ нанның да зияны жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858848-allergiadan-tbegejli-kalaj-ajyguga-bolady/

pixel