"Індеттің бір түрі": Белгілі журналист "Алланың қалауымен" деп жазатындарды сынға алды
Жарияланған күні:
"Оқшау ой" деп басталатын жазбаларымен желіде танымал қоғам белсендісі, журналист Айгүл Болатханқызы елден естігенін айтып, жасанды сөйлейтін кей азаматтарды сынның астына алды. Ол көпшілікті шынайы болуға шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Бұл туралы қоғам белсендісі Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Алланың қалауымен пәленінші жылы дүниеге келдім", "Алланың қалауымен балам дүниеге келді". Бұл не сән? Біреуі бастап айтты, енді содан қалмау керек бәрі. Індеттің бір түрі бұл.
Қазақтың құдайшыл халық екені онсыз да белгілі. Бұрынғының өмірбаянын оқы, қайсысы өмірге алланың қалауымен келгенін жазыпты?
Пәленінші жылы тудың. Жарық дүниеге перзентің келді! Бауы берік болсын! "Жарық дүние", "жарығым" деген сөздер қандай жақсы! Көрер жарығың бар екенін құдай белгілеп қойды, адамдар біліп жатыр, сонша әсірелеудің не қажеті бар?
- "Бұйыртса" деп жатамыз, жақсы тілеуді ішімізден тілеп тұрамыз. "Амандық болсын",- дейді апам. "Дәм тартса, барып қалам", "дәм бұйырыпты", "дәм айдап келдім". Көптен барғым келген, кездейсоқ барып қалған шаңырақта айтатыным...
Осылай сөйлейтін қазақтың жаратқанға сенімі кеміп қап па, әлде алланың барына күмән келтіріп жатыр ма? Жасандылықтың керегі не?", - деді Айгүл Болатханқызы.
Еске сала кетсек, осыған дейін белгілі журналист, редактор Назгүл Қожабек жалғызбасты нәзік жандыларға не керек екенін жеткізген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859000-indetti-bir-tri-belgili-zurnalist-allany-kalauymen-dep-zazatyndardy-synga-aldy/