Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қауіп арта түсуде": Алтай Көлгінов елорда тұрғындарына үндеу жасады (видео)

Жарияланған күні:

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады. Коронавирус жағдайын қатысты үндеуінде әкім үш басты мәселеге аса назар аударуды сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарына үндеу жасады
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігі: UGC
"Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары!
Біз тарихымызда алғашқы рет 3 айдан астам уақыттан бері карантин режимінде өмір сүріп келеміз. Төтенше жағдай кезеңін бастан кешірдік. Қатаң тәртіптің арқасында, өзін-өзі оқшаулаудың нәтижесінде біз қауіпті кезеңнен өттік. Қазіргі уақытта көптеген кәсіпорындар жұмысын жандандырды. Азаматтар жұмысына қайта оралды. Қоғамдық көліктер қайта жүруді бастады. Саябақтар мен қоғамдық орындар есігін қайта ашты. Әрине осыған сәйкес азаматтардың да саны көшеде көбейді. Дегенмен, азаматтардың көбеюіне байланысты қауіп арта түсуде. Бірнеше мәселеге көңіл аударуды сұраймын",– дейді Көлгінов.

Елордадағы қазіргі эпидемиялық ахуалдың мән-жайын ашық айтқан қала басшысы отбасындағы ауру жұқтырудың саны еселей артқанын баса айтты.

"Бірінші, қазір біз байқағанымыздай ауру жұқтыру ошақтары отбасыларында пайда болуда. Мысалы, балалары, ата-анасы, ата-әжесі де вирусты жұқтырды. Нәтижесінде бүкіл отбасы мүшелерін ауруханаға жатқызуға тура келді.
Екінші, көңіл аударуды талап ететін мәселе бұл ұжымдарда ошақтар пайда бола бастады. Соңғы аптадағы вирус анықталған азаматтардың тең жартысынан көбі ол ұжымдардағы азаматтар. Отбасында да және жұмыс орынында да санитарлық нормалардың, карантиннің талаптарының дұрыс сақталмауының есебінен деп мамандар айтады",– дейді қала басшысы.

Өз үндеуінде Алтай Көлгінов басты үш қағидаға назар аударуды сұрады және вирус жасқа қарамайтынын еске салды.

Сондықтан үш мәселеге көңіл аударуды сұраймын.
Біріншіден, қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерде міндетті түрде медициналық масканы тағу қажет.
Екіншіден, қарапайым гигиеналық нормаларды сақтауды ұмытпауымыз қажет. Әсіресе балаларға айтып, отбасымыз бен жұмысымызда да осы тәртіпті бұзбауымыз керек.
Үшіншіден, азаматтар көп шоғырланатын жерге барудың қажеті жоқ және де дистанцияны сақтауға міндеттіміз. Тек сонда ғана біз вирустан құтыламыз. Тәжірибе көрсеткендей вирус жасқа қарамайды. Дені сау азаматтар да вирусты жұқтырып, өз-өзін емдеймін деп денсаулығын қиындата түсуде. Жас, тепсе темір үзетін азаматтар ауруханаға түсуде. Ауыр хәлде жатқан азаматтарымызда бар",– деді елорда басшысы.

Қала әкімі жұмысын жандандырған кәсіпорын басшыларының да жауапкершілігін тілге тиек етті. Көлгіновтің айтуынша, қазіргі ортақ міндет –індеттің таралуының алдын алу.

"Егер 600-ден астам ауруханада карантинде болса, соның тең жартысынан көбінде пневмония диагнозы анықталған. Демек, нағыз қауіпті топқа жататындар. Соның ішінде 34-нің денсаулығы ауыр хәлде деп бағалануда. Олардың 12-сі ИВЛ аппаратына қосылған. Карантин басталғалы бері, Төтенше жағдай жарияланған кезде біз көптеген мекемелерді жабуға мәжбүр болдық. Азаматтарымыз уақытша жұмыссыз қалды.
Соған қарамай мемлекетіміз қыруар ақша жұмсады. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Орта және шағын бизнесқа үлкен қолдау көрсетілді. Енді қазір жұмысты жандандырғаннан кейін кәсіпорын басшылары соны ұмытпау керек. Барлығымыз айтылған талаптарды орындауға тиістіміз. Біз күнделікті қарап, бақылап жүрміз.
Бірақ, азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік болу керек. Ендігі ортақ міндетіміз — вирустың таралуына жол бермеу. Қатаң тәртіпті сақтасақ, карантин режимінен ертерек өтеміз",– дейді Алтай Көлгінов.

Еске салсақ, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 13 558-ге жетті. Оның 2 570-ті Нұр-Сұлтан қаласынан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859930-kauip-arta-tsude-altaj-klginov-kala-trgyndaryna-ndeu-zasady/