Жамбыл облысында Мамин мен Сапарбаев мінген тікұшақ шұғыл қонды
Жарияланған күні:
Кеше, 14 маусым күні Жамбыл облысында премьер-министр Асқар Мамин мен аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мінген тікұшақ шұғыл түрде қонды деген ақпарат пайда болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ журналист Денис Кривошеевтің Facebook парақшасына сілтеме жасап.
Журналистің ақпарынша, тікұшақ Тараздан 150-ден астам шақырым жердегі Тасөткел ауданында қонған.
Аталған Ми-171 тікұшағының "Казавиаспас" әуе компаниясына тиесілі екені айтылды.
Өз дереккөздеріне сілтеме жасаған журналист әуе кемесінің гидрожүйесі істен шыққанын атап өтті.
Ұшқыштар нұсқаулықта көрсетілгендей, резервтік жүйеге көшіп, шұғыл түрде жерге қонды деп жазды Кривошеев.
Оның мәліметінше, тікұшақ бортында үкімет басшысы Асқар Мамин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев болған. Журналист оларды басқа тікұшақ алып кеткенін жеткізді.
Өз жазбасында Кривошеев аталған оқиғаны арнайы комиссия тергейтінін мәлім етті.
Айтуынша, бұл жағдайға Қазақстанның мемлекеттік күзет қызметі де назар аудармақ.
NUR.KZ редакциясы болған жайтқа қатысты ресми пікір алу үшін азаматтық авиация комитетіне жүгінді.
Еске сала кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталғаннан кейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзін-өзі оқшаулағанын жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1860422-zambyl-oblysynda-mamin-men-saparbaev-mingen-tiksak-sgyl-trde-kondy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.