Көк базарда коронавирустың таралуы неден басталды
Жарияланған күні:
Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бүгінгі онлайн-брифинг барысында Көк базарда коронавирустың таралуы жайында сөз қозғады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оның айтуынша, бұған дейін ол жерде бұзушылықтар анықталған.
"Үш апта бұрын Көк базарға барғанымда ескерту жасадым. Тепловизор мен арақашықтық жолақтары жоқ, қатарлардың бір бөлігі келісімсіз ашық болды, жағдай жасалмаған, адамдар арнайы киімсіз жұмыс істеді, санитарлық кітапшалары жоқ.
Ескерту жасалды, көбісі айыппұл салынғанына ашуланды, алайда, оның соңы неге апарғанын көріп тұрсыздар. Базар әкімшілігінің 21 қызметкерінен инфекция анықталған. Шамасы олар қызметтік есіктен кіріп жүрген, фильтрдан өтпеген, бұзушылықтар болды.
Адамдар жабық бөлмелерде, кабинеттерде жұмыс істеген, бір-біріне жұқтырған. Вирус жұқтырған 20 адам анықталды. Кеше тағы бір қызметкер ауруханаға жатқызылды", – дейді Бекшин.
Оның айтуынша, сатушылардың ішінен әзірге вирус жұқтырғандар анықталмаған, шағым түспеген.
"Рахат" фабрикасына келер болсақ, басында ол жерде вирус жұқтырудың 10 дерегі тіркелді. Бір қызметкер жоспарлы отаға дайындалып, коронавирусқа тест тапсырған, сынамасы оң нәтиже көрсеткен.
"Кіреберіс стационарлық тепловизормен жабдықталған. 8 қызметкер жоғары дене қызуымен келген, олар жұмысқа жіберілмей, жедел жәрдем шақыртылған. Олардан коронавирус анықталды.
1500-ге жуық жұмысшы тексеруден өтті, 467 адам ауру белгілері байқалмайтын тасушы болып шықты. Бүгінде олар үй карантиніне жатқызылған, дәрігерлердің бақылауында", – деді санитарлық дәрігер.
Еске сала кетейік, бұған дейін қызметкерлер арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайларының тіркелуіне байланысты Алматыдағы Көк базардың жабылғанын хабарлағанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1860491-kk-bazarda-koronavirusty-taraluy-neden-bastaldy/