Bek Air әуе компаниясына бұрын сатып алынған билеттердің ақшасын қайтару міндеттелді
Жарияланған күні:
Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты Азаматтық авиация комитетінің топтық шағымын қанағаттандыру үшін Bek Air әуе компаниясына билет ақшасын қайтару туралы шешім шығарды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Авиация комитеті әуе компаниясынан жалпы 50 миллион теңгеден астам соманы қайтаруды талап еткен қазақстандықтардың мүддесін қорғаған.
"Сот ҚР Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің шағымын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. "Bek Air" АҚ бұрын сатып алынған билеттердің құнын өтеуге міндетті. "Bek Air" компаниясынан әуе билеттері үшін төленген сома тұтынушылардың пайдасына өндіріп алынсын", - деді судья Әлия Менлибаева.
Бұған дейін, сот клиенттердің билет құнын қайтару үшін Bek Air мүлкіне тыйым салған болатын.
Сонымен қатар компанияның клиенттері тоқтатылған рейстер үшін ақшаларын қайтарғысы келетінін, 161 адам өтініш білдіргенін, әуе компаниясына қарсы талап арыз сомасы 52 миллион теңгеге дейін өскенін хабарлаған едік.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 12 адам қаза тапты, тағы 66 адам жарақат алған еді.
Қайғылы оқиғадан кейін Bek Air-ге ұшақтарының ұшуына тыйым салынды. Компаниядан әуе кемесі мен ұшуға жарамдылық сертификаттары қайтарып алды.
Ал жолаушылар қолданылмаған билеттерінің құнын қайтаруды талап ете бастады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1860875-bek-air-kompaniasyna-bryn-satyp-alyngan-biletterdi-aksasyn-kajtaru-mindetteldi/