Танымал журналист кофе ұстап тұрған қазақ батырының суретіне шүйлікті
Жарияланған күні:
Белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Алматы көшелерінің бірінде кофе ұстап тұрған қазақ батырының суретіне күйінді. Көпшілік креативке балаған бұл кескін журналистің намысына тиген деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Кофе дайындайтын машинадан кофе алып тұрған қазақ батырының суреті әл-Фараби мен Тәттімбет көшелерінің қиылысындағы үйлердің біріне салынған.
Журналистің айтуынша, елімізде ұлттық мүддені қорғайтын заңның жоқтығы салдарынан осындай жайттар көбейіп отыр.
"Мен мұны біздің ұлттық мүддемізді мазақ ету деп қабылдадым. Креативтің де неше түрі бар ғой. Бірақ бабамыздың кофе ішіп тұрған суреті менің намысыма тиді. Дәл бұлай мазақ етуге болмайды. Осы ұлан байтақ далада тайраңдап өмір сүргеніміз сол бабалардың арқасы. Бүгін осылай кофе ұстатсақ, ертең Абылайхан мен Кенесарыға сырға ұстатып қоятын шығармыз? Мұндай бассыздықтардың орын алуына біздегі ұлттық мүдденің қорғалмағаны, заңның жоқтығы кінәлі", - дейді журналист.
Сонымен қатар, Нұрсейіт ұлттық мүдденің аяққа тапталған кездерін еске алды.
"Егер біз өз құндылықтарымызды қорғауға дайын болсақ, біздің домбырамызды ешкім аяқпен сындырмайтын еді. Ұзатылатын қыздарға тиесілі сәукелемізді жартылай жалаңаш қыздар сән сахнасына киіп шықпас еді. Осылай тізе беруге болады. Кез келген жаңашылдық жақсы шығар. Бірақ батырларымызға кофе жарнамалатып қоятындай деңгейге түскеніміз өкінішті. Бұл менің намысыма тиеді. Бұлай бетімен жіберуге болмайды", - дейді журналист.
Еске сала кетсек, осыған дейін Нүрсейіт Жылқышыбай еркектердің төсектегі күш-қуатын арттыратын көрпеше ойлап тапқанын мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861451-tanymal-zurnalist-kofe-stap-trgan-kazak-batyry-suretine-sjlikti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.